«Бітімгер» ескерткіш белгісі «Қазақстанның алғашқы бітімгерлері» саябағында орналасқан. Ескерткіштің авторы - ақсулық жас мүсінші Игорь Исаков.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Саян Мұқанов орнатылған ескерткіштің, оған қоса, ардагерлердің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде атқарып жатқан еңбектерінің маңызды екенін атап өтті.

- Бүгінгі шара бүкіл Қазақстан үшін маңызды болып саналады. Өйткені, бұл еліміздегі өзіміздің күшімізбен салынған алғашқы ескерткіш, - дейді жергілікті соғыс ардагерлері және тәжік-ауған шекараларындағы қақтығысқа қатысушылар одағының төрағасы Геннадий Козак.

Ескерткішті орнату идеясын «жергілікті соғыс ардагерлері және тәжік-ауған шекараларындағы қақтығысқа қатысушылар одағы» қоғамдық бірлестігі мүшелері ұсынған болатын.

- Біз бұны төрт жыл күттік. Екі жыл бұрын бізге саябақтан орын бөліп берді. Осы орында аталмыш ескерткіш орнатылатыны жөнінде жазылған тас қойылды. Содан екі жыл өткеннен кейін мақсатымызға жеттік, - дейді Геннадий Козак.

1993 жылдың шілдесінен 2001 жылдың ақпанына дейін 10 мыңнан астам қазақстандық бітімгерлер ТМД-ның оңтүстік шекараларын қорғады. Қаза болғандар арасында Павлодар облысының үш тұрғыны Қанат Ыдырышев, Амангелді Жұмабеков, Валерий Софроний бар.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам