Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы болжау және мониторинг бөлімінің маманы Наргиз Кашаеваның айтуынша,  «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының үшінші бағыты шеңберінде уақытша алты айлық жұмыс орындары ұйымдастырылған.

Аталмыш бағдарлама арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектері үшін тәжірибе жинақтап, болашақта тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған. Жолдама алған кезде мамандардың жасы 29-дан аспауы тиіс. Еңбекақы 25 АЕК - 60125 теңгені құрайды. Барлық аударымдар мен салықты ұстап қалғанда қолға 47 мың теңге алады.

- Тәжірибеден өту аралығы еңбек тәжірибесіне енгізіледі, - дейді Наргиз Кашкенова. -  Қаржыландыру және зейнетақы аудару 100 пайыз мемлекеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұған қоса, кәсіпорындар белгілі бір жұмыс күндері үшін қосымша жалақы төлейді. Қазіргі таңда 251 адамның 138-і жастар тәжірибесін аяқтаған болса, 60 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Қала бойынша 2500 түлек жұмыссыздар қатарында.

Биыл С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетін аяқтаған Лейла Молдабаева жастар тәжірибесі бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына аудармашы болып тұрған.

- Жоғары оқу орнын бітірген соң қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша диплом алдым, - дейді ол. -  «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы туралы білгеннен кейін жұмыспен қамту орталығына келіп, өз өтінішімді қалдырдым. Көп күттірмеді. Бір апта арылығында хабарласып, жұмысқа шақырды. Алты айдың ішінде өзімді жақсы көрсете аламын деп үміттенемін.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, жастар тәжірибесі