Шараға өңірлік бизнесті дамытуға атсалысып жүрген 200 адам қатысты. Кәсіпкер әйелдердің өнімдері және бұйымдарының көрмесімен облыс әкімі Болат Бақауов танысып шықты.

 – Елбасы гендерлік саясатқа ерекше көңіл бөледі, - дейді Болат Бақауов. - Өңірде 43 мың кәсіпкер болса, оның 50 пайызын әйелдер қауымы құрайды. 1990 жылдардағы ауыр кезең барлығымыздың есімізде. Сол кезде ақшасыз, жарықсыз қалған күндерді өткердіңіздер. Пойыздармен аяздарда сауда жасаған жандардан бүгінде мықты бизнес ханымдар шықты. Әйелдердің мойнына балаларды киіндіру, оқыту сияқты үлкен жүк артылды. Ақсуда үлкен сауда үйі жанып кеткен кезде оқиға орнына келгенде тек қана әйелдер қалып қойғаны әлі есімде. Олар «біздің несиеміз бар, пәтеріміз ипотекада тұр, балаларымыз шетелде оқып жатыр» деп өз мәселелерін айтып жатты. Иә, сол аналардың жартысы өз қаржыларына балаларын шетелде оқытқан. Бұл әйел затының еңбекқорлығы мен алдына қойған мақсатқа жетудегі қажырлы еңбегінің дәлелі.

«Атамекен» ҚР ҰКП іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова UNIDO - өнеркәсіпті дамыту бойынша біріккен ұлттар ұйымының жобасын тест алаңы ретінде әйелдер бизнесін дамыту бойынша Павлодар облысында іске асыру жоспарда бар екенін атап өтті.

 - Қазақстанда гендерлік теңдікке қатысты ешбір мәселе жоқ, - деді Ләззат Рамазанова. – Бүгінгі жиынға қалалар мен аудандардан өзіне және айналадағы жұртшылыққа бизнесте жетістікке қол жеткізгенін дәлелдей білген қыз-келіншектер жиналып отыр. Елімізде шағын және орта бизнестің 60 пайызын әйелдер басқарады. Оның ішінде тоғыз пайызы өнеркәсіптік кәсіпорындарға жетекшілік етеді. Павлодар облысы – индрустиалдық-өнеркәсіптік аймақ болғандықтан, бұл көрсеткіш осы аймақта басымырақ. Бұл жерде облыс әкімінің қатысуын пайдалана отырып, осы сегментті Павлодар облысының базасында дамытуды сұраймын. БҰҰ аясында көптеген бастамалар бар. ЮНИСЕФ немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры туралы көп білеміз. Ал UNIDO ұйымы Ресей мен Еуропада жақсы дамуда.

Айта кетерлігі, «Атамекен» ҚР ҰКП іскер әйелдер кеңесі үш жылдан астам жұмыс істейді. Өңірдегі кәсіпкерлікпен айналысатын қыз-келіншектер биылғы жылы Түркия және Литва мемлекеттерінде болып, әрі қарай ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізген.

Ақбота Сейсенбаева
Фото. Салима Истембекова, Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, Болат Бақауов