Облыстық ТЖД-нің жедел кезекшісі Дархан Қайдаровтың айтуынша, Успен ауданының Галицкое ауылында өрт сөндіру бөлімінен 60 шақырым қашықтықта кірпіштен қаланған жеті бөлмелі үйдің қонақ күту бөлмесінде үй жиһаздары мен ағаш құрылымдар жанған.

- Өрт салдарынан төбенің кейбір жерлері опырылып түсті, - дейді Дархан Қайдаров. – Қызыл жалын 50 шаршы метр аумақты шарпып өтті. Тілсіз жауды ауыздықтауға № 24 өрт сөндіру бөлімінен бір техника мен үш адам жұмылдырылды. Қосымша «Галицкое» ЖШС-не тиесілі бір автоцистерна мен бір су таситын көлік, ерікті өрт сөндірушілер құрылымынан 10 адам жұмыс істеді. Үйдің иесі 1972 жылғы ер азамат.

Оқыс жағдай туралы хабарлама сағат 08.05-те түскен, 12.00-де толық сөндірілген.

Алдын ала болжам бойынша, электр сымдарының қысқа тұйықталуы төтенше жағдайдың орын алуына себеп болған.

Бұдан басқа, Павлодарское ауылында Торговая көшесінде орналасқан төрт бөлмелі қамыс үйде жиһаздар, төбенің ағаш құрылымдары жанған. Төбенің 40 шаршы метр аумағы құлап түскен. Оқиға орнында екі машина мен екі автоцистерна, бес ерікті өрт сөндіруші жұмыс істеді.

- Қазіргі таңда келтірілген шығын көлемі мен өрттің шығу себебі анықталуда. Өрт шыққаны туралы хабарлама сағат 18.29-да түскен, 21.00-де толық сөндірілді. Екі жағдайда да зардап шеккендер жоқ. Тұрғындар дін аман, - дейді кезекшілік бөлімінде.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, оқиға