Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Кокина Павлодар қаласы бойынша 5 орын бекітілгенін атап өтті.

- Қаламыздағы арнайы белгіленген бес орын ретінде үш жоғарғы оқу орыны, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы және Достық үйі таңдалды, - деді Гүлсара Кокина. – Сағат 11-ден бастап еліміздің әр өңіріндегі барлық деңгейдегі оқу орындарында, ұйымдарда, мекемелерде диктант өтуде. Оған жасы 15-тен асқан адамдар қатыса алады. Шараның негізгі мақсаты – латын негізіндегі қазақ әліпбиінің және қазақ тілінің емле ережесі жобасын практикалық тұрғыда жан-жақты қамту.

Жалпыхалықтық диктантқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы мәтін берілген.

Қоғам белсендісі Ғабит Хафиз қосымша қағаздарға қарамай латын қарпімен диктант жаза алатын деңгейге жеткендігін айтты.

- Латын графикасына көшу туралы бастама көтерілген сәттен қолдағанмын, - деді Ғабит Хафиз. – Қазіргі уақытта өз ұялы телефонымда адамдардың есімдерін латын қарпімен жазып, сақтап жүрмін. Уақытым бар кезде қолыма қалам алып кез келген атауларды латын қарпімен жазып көруді дағдыға айналдырдым. Жалпы, бұл графиканы меңгеру аса қиындық тудырмайды. Өйткені, біз латын графикасына құрылған ағылшын әріптерін білеміз. Жаңа графикада ағылшын әріптерінің 70 пайызға жуығы сол қалпы дыбысталады және сол әріптер қалған. Қазір ешқайда қарамай диктант жаза алатын деңгейге жетіп қалдым. Себебі, бұған дейін дайындалдым. Егер халықты жаңа графикаға үйрету үшін шаралар ұйымдастырылса, өз басым атсалысуға дайынмын.

Айта кетейік, арнайы белгіленген орындарға келіп қатыса алмайтын тұлғалар диктантты emle.kz, tilalemi.kz сайттарының басты беттерінде орналасқан сілтемемен компьютер немесе ұялы телефон арқылы кіріп, белгіленген уақытта диктант аудиосын тыңдай отырып жаза алады. Аталған сайттарда диктант аяқталған соң мәтіннің дұрыс нұсқасы және бағалау өлшемшарттары шығады. Әрбір пайдаланушы дұрыс нұсқамен салыстыра отырып, өзін-өзі бағалай алады.

pavlodarnews.kz

Тэги: