Өңірлік білім беру басқармасының бастамасымен Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеру жүргізіп, Успен ауданының ауылдық мектебінде есеп жасаудағы қателіктер болғаны анықталды.

- Білім беру саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің көп үрдістерін автоматтандырудың нәтижесінде сыбайластық қаупі азайды, - деді білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы. – Біз әрдайым бюджеттік қаржының қайда жұмсалып жатқанын бақылап отырамыз. Оған қоса, сыбайластық қаупіне мониторинг жасалады. Алайда, қауіптің алдын алғанмен, жекелеген фактілер орын алуда. Ондай фактілер болашақта анықталмауы үшін бізге әрдайым жетекшілердің экономикалық және құқықтық сұрақтар бойынша біліктілігін арттырып отыруымыз қажет. Білікті жетекші ешқашан өз ұйымында сыбайластықтың орын алуына жол бермейді. Өйткені, құқықбұзушылық жасаған қызметкері үшін өзі жауапты екенін біледі.

Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бас маманы Самал Арынғазинаның айтуынша, мектеп бухгалтері қызметкерлердің еңбек ақысын төлеуден асқан қаржыны мектеп директорының ЭЦҚ-сын куәландыру арқылы өз есебіне жіберіп отырған.

- Ұйымның бухгалтері Дамир Уалиев 2015-2018 жылдар аралығында еш негізсіз өзінің жеке карталық есебіне 4 миллион 376 мың аударған, - дейді Самал Арынғазина. – Сонымен қатар, ол мектепке дейінгі шағын орталықтың есепшісі міндетін қатар атқарып, өзіне 287,8 мың теңге алған.

Айта кетейік, ауылдық мектептердің бухгалтерлері аудандық білім беру бөлімдері бөліп берген кабинеттерде жұмыс жасайды. Мектеп директоры ауылдың аудан орталығынан алыс болуына және Интернеттің үзіліп кете беретіндігіне байланысты оған ЭЦҚ берген. Мектеп директоры есептер мен бухгалтерлік құжаттарды тексермегендігін, Дамир Уалиев қаржыларды өз есебіне аударып жүргенін білмегендігін айтады.

- Сотталушы Дамир Уалиев 2015 жылдың қаңтарында айырысу-төлем тізімдемесіне сәйкес өзіне 49 672 теңгелік жалақысын аудараған, - дейді облыстық соттың баспасөз хатшысы Жанар Жұматаева. – Алайда, іс жүзінде 53 987 теңге аударған болып шықты. Келесі айында өзіне 48 778 теңгенің орынына 186 214 теңге аударады. Осылайша, 2015 жылы ол бюджеттен 227 268 теңге ұрлаған. 2016 жылы – 1 376 663 теңге, 2017 жылы – 1 248 135 теңге, 2018 жылдың басынан бастап – 1 811 685 теңгені қолды қылған. Нәтижесінде мектеп бухгалтері қызметін пайдалану арқылы 4 663 746 теңге жымқырған.

Сотқа дейінгі тергеу кезінде сотталушы өз еркімен келтірілген шығынның 2 173 138 теңгесін қайтарды.

Сот Уалиев Дамир Рысбайұлын қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танып, мүлкін тәркілеусіз 4 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сот одан бюджеттік кіріске 2 490 608 теңге өндіру және 24 906 теңге мемлекеттік баж салығын салу туралы қаулы шығарды. Сонымен қатар, процесстік шығынға 153 920 теңге өндіру және зардап шегушілердің қорына мәжбүрсіз 48 100 теңге аударуға қаулы етті.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Успен, қаржы, қылмыс