Бұл туралы «Достық» үйінде автомобиль көлігімен жүктерді тиеу және тасымалдауды бақылау бойынша өткен жиында  көлік прокуроры Рүстем Тоқбергенов мәлім етті.

- Өңірде көптеген тау-кен өндірушілері мен жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар бар, - деді Рүстем Тоқбергенов. - Жүк тасымалы автомобиль көліктерімен жүзеге асырылады. Әрине, мұның барлығы жолдардың жағдайына әсерін тигізбей қоймайды. Мемлекет тарапынан жыл сайын жолдарды жөндеуге бөлінетін қаржы көлемі артуда. Дегенмен, жүк тасымалын бақылауға алмаған жағдайда бұл шығындар тиімсіз болып қалады. Биыл облыстық әкімдік және жергілікті полиция қызметі, көлік басқармасы, көлік бақылау инспекциясымен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарылды. Бірлескен іс-әрекеттер алгоритміне қол қойылды.

«Бірінші жемқорлыққа қарсы медиа-орталық» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Руслан Асылбеков ең бірінші міндет - жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін атап өтті.

- Облыс әкімдігі жолдарды салуға ғана емес, күтіп ұстауға да қаржы бөлді, - дейді Руслан Асылбеков. - Біз барлығымыз да жолаушылар ретінде жолдардың сапасы жыл сайын жақсарып келе жатқанына куә болудамыз. Енді біздің алдымызда осы жолдарды сол күйінде сақтап қалу қажеттілігі тұр. Яғни, көлік комитеті мен көлік иснпекциясының басты бағыттарының бірі - автомобиль жолдарының төсемесін күтіп ұстау. Біздің құзыреттелігімізге жүктің шамадан артпауын бақылау енеді. Сондықтан бұл норманы шамадан тыс арттырып жіберетін кейбір тасымалдаушылармен жұмыс істейміз.

Көлік комитеті төрағасының орынбасары Самат Гилимовтың сөзінше, бүгінгі жиында қарастырылған басты мәселенің бірі – жолдағы жемқорлықтың алдын алу. Бірінші жемқорлыққа қарсы кеңестің өкілдері көлік комитетімен бірге қоғамдық бірлестік ретінде меморандумға қол қойған.

-  Павлодар облысында бірнеше мониторинг жүргізу барысында заң бұзушылықтар анықталған, - дейді Самат Гилимов. -  Осыған байланысты бүгінгі жиында осы мәселенің нүктесін қоюды көздеп отырмыз. Ол үшін бұл жағдайларды төмендету үшін барлық құралдар - мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар бар. Көбінесе жылдамдықты асыру, көлік құжаттарының дұрыс рәсімдемеу немесе мүлдем жоқтығы, жүк салмағының артуы сияқты қателіктер қайталана береді. Кездесуге тасымалдаушылар, жер қойнайын пайдаланушылар, карьерлердің қожайындары шақырылып, ашық алаңда еркін пікір алмасу түрінде ұйымдастырылды.

Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, жемқорлықпен күрес