Жүлдегерлердің жетекшісі Шыңғыс Бұрханның айтуынша, 11 сынып оқушылары Шыңғыс Рахад және Кенесары Ринатұлы жаман әдеттерден арылуға арналған «Әдет» бағдарламасын таныстырып, Сүлеймен Демирел университетінің 100%-дық оқу грантына ие болған.

- Қазіргі таңда шылым шегу қоғамдағы өзекті мәселеге айналғаны белгілі, - дейді Шыңғыс Бұрхан. – Сондықтан Шыңғыс пен Кенесары «Иннотек» командасы болып, осы бір жаман әдеттермен күресудің жолын ұсынды. Бұдан басқа, өтірік айту, ұрысу, ата-анасына қарсы сөйлеу, қызғану сияқты теріс әдеттер қамтылған. Яғни, ұялы телефондарға орнатылған бағдарлама арқылы өздерінің мінез-құлқын бақылап отыруға болады Сондай-ақ, статистикалық мәліметтер келтіріледі.

«Ертiс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәліметіне сүйенсек, аталған байқауда әртүрлі мемлекеттен 400 оқушы бақ сынаған.

Жас зерттеушілер 7 номинация бойынша өз білімдерін сарапқа салды: математикалық жобалар, робот техникасы, бағдарламалау, компьютерлік графика мен өнер, басқару жүйелері, қысқа метражды фильмдер, дрондар жарысы.

Еске сала кетейік, Шыңғыс Рахад осыдан үш жыл бұрын «Сұлтан Сүлейман» мейрамханасына қызмет көрсету сапасын жақсартып, тапсырыс беруді жеңілдете түсетін «E-menu» электронды әс мәзірін жасау туралы ұсыныс алған болатын. Ал, биылғы жылы Кенесары Ринатұлымен бірге аурудың белгілері арқылы шалдыққан дертін анықтай алатын «Емдел» атты мобильді қосымша құрастырған.

 Ақбота Сейсенбаева

Фото: «Ертiс дарыны» орталығы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім