Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Қазақстан барысы» сайлаудан бір күн бұрын өтетіндігі хабарланған болатын. Сондықтан елордадағы Оқушылар сарайында дауыс беруге тіркелдік. Бүгінгі күн маңызды екенін айтпаса да түсінікті. Бұл күні қазақтың тағдыры шешілетін, болашағымыз айқындалатын кезең. Бүгін сайланған Президент еліміздің мүддесін әлемде қорғай алатынына, нағыз лайықты саясаткерге болатынына сенімдімін», - деді спортшы.

Бұдан бөлек ол кеше өткен турнирден кейінгі пікірімен бөлісті.

«Кешегі күні бұйыртып, «Қазақстан барысы» атандым. Ол жерде жеребе бойынша ең ауыр қарсыластар, яғни жеңіске мүмкіндігі жоғары балуандар бір жаққа түсті. Финалда шығысқазақстандық Ерасыл Қажыбаевпен шықтым. Өте үлкен әрі тартысты жарыс болды деп ойлаймын», - деді А. Нұғымаров.

Осы орайда ол өзінің негізгі міндеттерінің бірі ұлттық күресті кейінгі ұрпаққа насихаттау екенін атап өтті.

«Қазіргі кезде қазақ күресін жапондардың дзюдо күресі сияқты кеңінен таратуға үлес қосқымыз келеді. Жалпы, қазақ күресін дамытуға мемлекет тарапынан қажетті қолдау жасалып жатқанын сезініп отырмыз. Бұл бағыттағы қадамдарды ескере отырып, қазақ күресі болашақта Олимпиада ойындарына енуін армандаймын», - деді Айбек Нұғымаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев әлемнің 29 елінде Қазақ күресі федерациясы ашылғанын мәлім етті.

Еске сала кетсек, елордада өткен «Қазақстан барысы-2019» турнирінде Айбек Нұғымаров жеңімпаз атанды. Финалда ол шығысқазақстандық тағы бір балуан Ерасыл Қажыбаевтан айласын асырды.

Турнирде екінші және үшінші орынды Ерасыл Қажыбаев пен Руслан Әбдіразақов иеленді.

Қазақстан барысы атанған Айбекке 25 миллион теңгеден бөлек, алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табыс етілді. ІІ және ІІІ орынға ие болған Ерасыл Қажыбаев пен Руслан Әбдіразақовқа 5 миллион және 1 миллион 800 мың теңге берілді. Сонымен қатар палуандарға әр жеңісі үшін 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.

Айта кетерлігі, Айбек Нұғымаров 2013 жылы да «Қазақстан барысы» атанған болатын.

pavlodarnews.kz

Тэги: