Халықтың Иорданиядағы №278 сайлау учаскесіне келу белсенділігі 95,75% құрады. Қорытынды нәтиже бюллетеньдер саналып, рәсімделгеннен кейін белгілі болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Иордан Хашимит Корольдігінің астанасы Амман қаласындағы №278 сайлау учаскесінде электоралды процесс бірқалыпты өтті, дауыс берушілердің белсенділігі жоғары болды. «Аммандағы сайлау учаскесінде мерзімінен тыс ҚР Президентін сайлауға 85 қазақстандықтың 80-і қатысты. Иорданиядағы азаматтарымыз ел болашағы үшін азаматтық жауапкершіліктің және белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетті. Бұған сайлау учаскесіне келу қарқыны дәлел. Бес азаматымыз өзге қалаларда тұруына байланысты сайлауға келе алмады. Оның ішінде Акаба, Ирбид және Зарка сынды алыста орналасқан қалалар бар», - деді №278 сайлау учаскесінің хатшысы Данияр Байбеков агенттік тілшісіне. Қазақстанда бірнеше мәрте сапармен болған, Иорданияда және өзге араб елдерінде танымал иорданиялық сарапшы және журналист Машхур Абу Эйд қазақстандықтарды аталмыш саяси оқиғамен құттықтады.

«ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық дарындылығы әлемдік аренада елдің заманауи имиджін анықтады және халықаралық қарым-қатынастар жүйесінде Қазақстанның бірегей мәртебесін бекітті. Онымен қоса, іс басындағы Президент Қ.К.Тоқаевтың кезектен тыс президенттік сайлауды жариялауы және оның өткізілуі елдегі демократия мен қоғамдық келісімді құрудағы кезеңдердің бірі болды. Сол себепті, Қазақстан басшылығының мерзімінен бұрын президенттік сайлауды жариялауы, оның өткізілуі және қорытындысының жариялануы әлемдегі бірде-бір ірі басылымның назарынан тыс қалмауда», - деді сарапшы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне.

pavlodarnews.kz

Тэги: