Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мәлім етті.

- Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру мәселесі басқармамыздың тұрақты бақылауында, - деді ведомствода. – Бағаны тұрақтандыру аясында басқарма Павлодар қаласының әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен, көтерме жеткізушілермен 20 меморандум жасасты. Қала мен аудан әкімдіктері 2019 жылға облыстың 99 әлеуметтік дүкенімен «Әлеуметтік дүкендердің» жұмыс етуін қамтамасыз ету жөніндегі меморандумдар жасасты. Апта сайынғы негізде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі.

Тұрақтандыру қорынан төмен бағамен өнім босатылуда. Бүгінгі күні «Павлодар» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қорынан облыстың наубайханаларына 1 сұрыпты ұн (қалдық 250,5 тонна 80 теңгеден) және тазартылған күріш (қалдық 42 тонна 238 теңгеден) сатылады.

 Статистика департаментінің деректері бойынша, 2019 жылдың 3-7 маусым аралығында бірқатар бағалардың төмендеуі тіркелді.

- Ақ қауданды қырыққабаттың келісі 175-тен 160 теңгеге (8,6 пайызға), 1-санатты тауық жұмыртқасы 233-тен 230 теңгеге (1,2 пайыз) дейін төмендеді, - деді департаментте.

Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап елдің оңтүстік өңірлерінен келісі 85 теңге болатын бағамен ақ қауданды қырыққабат жеткізу ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Павлодар қаласының әкімдігі «әлеуметтік дүкен» маңдайша жазуымен 5 әлеуметтік павильон орнатты. Тағы 3 павильон орнату сатысында. Сонымен қатар, «Затон» базарында 1 әлеуметтік бөлім және «Караван» базарында 3 бөлім ашылды.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, сауда, кәсіпркерлік, баға, азық-түлік