Адам өмірін ажалдан алып қалуға мүмкіндік беретін бірегей оталар туралы кардиологиялық орталықтың жүректің ишемиялық аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, м.ғ.к Алмас Антикеев айтып берді.

- Бірегей ота деген өте ауқымды ұғым, - дейді Алмас Антикеев. - Жалпы, барлық кардиологиялық отаны бірегей деп айтуға болады. Себебі, бұл жерде білім мен теория маңызды, сондай-ақ, бірегей құрал-жабдықтар мен бағасы жоғары шығын материалдары қолданылады. Бұрында мұндай оталар 50 жыл Алматы мен Мәскеуде ғана жасалатын. Себебі, дәрігерлерді оқытуға, құрал-жабдықтар сатып алуға мүмкіндік болмайтын еді. Қазіргі таңда күрделі оталар өзімізде жасалады.

Ақ желеңдінің айтуынша, соңғы кездері науқастардың арасында 60 жасқа таяған әйелдердің саны артқан. Егде жастағы адамдардың өміріне онкология, жүрек, қант диабеті сияқты аурулар, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, қозғалыстың азаюы қауіп төндіреді. Өңірде жыл сайын туа біткен жүрек ақауымен дүниеге келетін 100 шақты бала ота жасауды талап етеді. Оған сыртқы факторлар – экология, ішкі – тұқым қуалаушылық әсер етеді.

- Мысалы, кеше түнде қолқасы жарылып кеткен 50 жастан асқан ер адам түсті, - дейді бөлімше меңгерушісі. – Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатыр. Былтыр мұндай 20-дан астам ота жасалған. Артериалдық гипертониямен ауыратын 50-ден асқан адамдарда қан қысымының көтерілуі салдарынан қолқа жарылып кетеді. Дер кезінде көмек көрсетілмесе, адам ажал құшуы мүмкін. Біздің дәрігерлер біліктілігін арттыру үшін Самбулға, Еуропа елдеріне барып тұрады.

Бұдан басқа, орталықта оталардың түрі кеңейтілуде. Оның ішінде жүрек соғысының бұзылуы диагнозы қойылған науқастарға істеп тұрған жүректе видеоэндоскопиялық ота жасалады. Өткен жылдан бері кеуде қуысын ашпай-ақ қабырғалардың арасына шағын тілік жасалып, ішіне видеоэндоскопия аппараты енгізіледі. Сол арқылы ішкі ағза толық көрініп тұрады да, манипуляция жүргізіледі. Үш жылдан бері сан артериясы арқылы қолқаға өткізгіш жіберіп, жүрек қақпашасы қойылады.

Еске сала кетейік, кардиологиялық орталық «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2013 жылы салынған болатын. Емдеу мекемесі заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған.

Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам