Павлодар облыстық жедел медициналық көмек станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенко мұндай шара Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық көліктің қатысуымен орын алған ірі жол-көлік оқиғасынан кейін қолға алынғанын атап өтті.

- Елордадағы оқиғадан кейін ҚР Ұлттық Қызыл Жарты Ай қоғамы халықты алғашқы көмек көрсетуге оқытуды өтінді, - деді Ирина Мищенко. – Әлемдік тәжірибе бойынша төтенше жағдайлар туындағанда адамдар зардап шегушілерге көмек көрсеткісі келеді. Алайда сол сәтте қобалжудың әсерінен ойлары іске аспайды. Сондықтан бүгіннен бастап облыс жұртшылығын алғашқы көмек көрестуге оқытамыз. Акция барысында төтенше жағдай туындаған кезде атқарылатын негізгі шаралар үйретіледі. Жүрек пен тыныс алудың тоқтауы, сіңір тартылуы, қан кетуі, түрлі жарақаттар және өзге де жағдайлардағы алғашқы көмекті көрсету жолдары насихатталады. Оқытылған әр адам құрал-жабдықтар арқылы тәжірибеден өтеді. Себебі, оқиға кезінде көп адамдар зардап шегушіге жақындаудан қорқады. Халыққа қорықпауды жеткізгіміз келеді. Қаншалықты жылдам қимылдаса, соншалықты адам өмірін арашалап қалуы мүмкін.

Оқыту шаралары сауда орталықтары, жағалау, сапаржайлар, мектептер сияқты адамдар көп жиналатын орындарда жүзеге асады. Сондай-ақ қызметкерлерін оқытуға өтініш білдірген ұйымдарға жедел жәрдем станциясының арнайы тобы келетін болады. Әзірге Greenwich және «Манақбай» сауда орталықтары, облыстағы барлық ХҚКО-тары келісім берген.

Бүгін Павлодар облысындағы «Лидер» дүкендер желісінің оннан астам қызметкері алғашқы көмек көрсету жолдарын үйренді.

- Біздің желіде 100-ге жуық қызметкер жұмыс жасайды, - деді «Лидер» дүкендер желісі Павлодар облыстық филиалының директоры Павел Федоров. – Олар мектепте, жоғарғы оқу орындарында алғашқы көмекке қатысты тиісті пәндерді оқып келген. Дегенмен мұндай қосымша шара артықтық етпейді. Өйткені дүкендерімізге келетін адам саны көп. Бүгінгі оқуға әр дүкеніміздің жетекші қызметкерлерін шақырдық. Олар қарамағындағы өз қыметкерлеріне түсіндіреді.

Ирина Мищенконың айтуынша, төтенше жағдайларда зардап шегушілердің 30 пайызы өмірге қауіпті жарақаттар алады. Қасындағы адамдардың дер кезінде және дұрыс көмектесе алмауынан көз жұмып кетеді.

Сонымен қатар, облыстық жедел медициналық көмек станциясы оқиға кезінде қоңырау шалушыға бағыт-бағдар беретін «қоңырауды ұстап тұру» алгоритмін іске қосуда.

- Төтенше жағдай кезінде станциямызға қоңырау шалған сәтте диспетчер негізгі мәліметті алып, қоңырауды ұстап тұрып жедел жәрдем бригадасын оқиға орынына жібереді, - деді Ирина Мищенко. – Одан кейін жедел жәрдем жеткенше қоңырау шалушыға қалай әрекет ету керектігі жөнінде бағыт-бағдар береді.

Айта кетейік, облыстық жедел медициналық көмек станциясы халықты алғашқы көмек көрсетуге оқыту акциясын тұрақты түрде жүзеге асыратын болады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, алғашқы көмек, жедел жәрдем, медицина, акция, оқыту