ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтында «Қазақстандағы мамыр айының үздік спортшысына» дауыс берілді. Оның қорытындысы бойынша, еліміздің жеңіл атлетика командасының өкілі Ольга Сафронова жеңіске жетті.

- Тізімде барлығы бес спортшы: Артем Захаров (велотрек), Қайрат Сарымсақов (таеквондо), Ольга Сафронова (жеңіл атлетика), Дмитрий Баландин (жүзу) және Тимур Хайдаров (байдаркада ескек есу және каноэ) болды, - деді ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметінде. – Дауыс беру 7 маусым күні 13:00-де аяқталды. Нәтиже бойынша Ольга Сафронова 48,45 пайыз дауыс жинап, бірінші орынға шықты. Одан кейін Қайрат Сарымсақов 35,99 пайыз дауыс жинап, екінші орынға жайғасты. Тимур Хайдаров 7,41 пайыз жинап, үшінші орынды иеленді.

Еске салайық, бірнеше отаны бастан кешірген желаяқ қызымыз қатарға қосылды. Бүгінде Ольга Сафронова қысқа қашықтыққа жүгіруден ел үздігі саналады. Ольга сәуір айында өткен Азия чемпионатында 100 және 200 метрге жүгіруден өз көрсеткішін әлдеқайда жақсартқан болатын. Мамырда ол маңыздылығы жөнінен «Гауһар лигасынан» кейін тұратын IAAF World Challenge турниріне қатысып, Осакадағы (Жапония) кезеңде жүлдеге ілікті. Seiko Golden Grand Prix Osaka турнирінде Ольга Сафронова 100 метрге жүгіруден екінші, 200 метрге жүгіруден үшінші орын иеленді.

Айта кетерлігі, жеңіл атлетші маусым айында да халықаралық турнирлерде жеңіске жетуін жалғастыруда. Чунцинде өткен Asian Grand Prix Series бірінші кезеңінде Сафронова 100 метрге жүгіруден алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, 100 метрге жүгірген эстафеталық команда құрамында үшінші болды. Аталған турнирдің екінші кезеңінде 100 метрге жүгіруден бірінші, 100 метрлік эстафетада команда сапында екінші орын иегері атанды.

Оразбек Саяхат
Фото: olympic.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ольга Сафронова, жеңіл атлетика, спорт