Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаев мәлім етті.

- Биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ берген лизинг арқылы техника сатып алуға 4,7 миллиард теңге жұмсалды, - дейді Марат Шұғаев. – Бұл бұрын-соңды болмаған сома. Мәселен, былтыр бұл мақсатқа үш миллиард теңге берілген еді.

Марат Шұғаевтың айтуынша, қазіргі кезде өңіріміздің шаруалары қолданатын техниканың 30%-ы жаңарды.

Нәтижесінде облыс шаруашылықтары 136 бірлік ауыл шаруашылық техникасын сатып алған. Жаңа техниканың арқасында егін егу мен жиын-терім науқанының мерзімі едәуір қысқарған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары атап өткендей, бүгінде жиын-терім науқанына дайындық ретінде элеваторларды тексеру жұмыстары басталған.

- Қазіргі кезде облыста жеті линиялық элеватор бар. Оған қоса, әрбір шаруашылықта нан қабылдайтын пунктер жұмыс істейді. Сол себепті, облыста астық сақтау орындарымен проблема жоқ, - деді Марат Шұғаев.

Айбнк Жұматов

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: ауыл шаруашылығы, астық, көкөніс, егін егу, техника