Этноауылды «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 млн теңге грантқа ие болған «Tuzcity» жеке кәсіпкерлігі ашпақ.

Кәсіпкер Гүлжан Оразалина этноауылды 6-7 шілде күндері ашу жоспарланып отырғанын атап өтті.

- Этноауыл 7 киіз үйден тұрады, - деді Гүлжан Оразалина. – Өзімізде 3 киіз үй болған. Грант қаржысына 4 киіз үй сатып алдық. Бір киіз үй 16 қанатты болса, қалғандары 8 қанатты. 16 қанатты киіз үйіміз тамақтанатын орын болады. Ол жерде демалушыларға ұлттық тағамдар ұсынылады. 8 қанатты киіз үйлерде қонуға, ұжымдық мерекелерді атап өтуге болады. Сондай-ақ қонақтарға арналған сәкілер, әңгімелесуге арналған орындар қойылады.

Жоба медициналық туризмге бағытталғандықтан қонақтарға ұлттық тағамдармен бірге қымыз бен саумал ұсынылады. Киіз үйлер көлдің емдік қасиеті бар балшықтар шығатын орынның тұсына тігілген.

Этноауыл жыл сайын мамыр-қыркүйек айларында жұмыс жасайды. Этноауыл бір сәтте 400-ге жуық адамды қабылдай алады. Кәсіпкерлер атты туризмді де қолға алған. Алдағы уақытта «қарапайым заттар экономикасы» арқылы жылқы санын арттыруға несие алу жолын қарастыруда.

Кәсіпкердің айтуынша, аптаның белгілі бір күндерінде демалуға келген балаларға ұлттық тағам жасаудан үш тілде шеберлік сабақтары өткізіледі.

- Бір киіз үйде караоке болады, - дейді Гүлжан Оразалина. – Оған қоса, апта сайын шеберлік сабақтарын өткіземіз. Сабақтар үш тілде өтеді. Өзіміздің аспазшылар ұлттық тағамдарды жасау жолын үйретеді. Демалыс орынында сахна да құрылады. Ауданның өнерпаздары келіп концерт өткізіп тұруы мүмкін.

Кәсіпкерлер көрсетілетін қызмет құнын әлі белгілемеген. Бір киіз үйді бір күнге жалға алу бағасы шамамен 7 мың теңгені құрайды. Ал, жоба аясында 7 адам жұмыспен қамтылады.

Этноауылдың ресми ашылу салтанатына ұлттық тағамдардан фуршет жасалады. Сонымен қатар, қазақ күресінен турнир өтеді.

- Жобаны отбасымызбен жүзеге асырудамыз, - деді кәсіпкер. – Көмектесіп жатқан туысқандарым көп. Киіз үйлер дайын. Қажетті ет пен қымыз өзімізде бар. Жұмысты қуана-қуана қолға алдық. Бұл этноауыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын да қамтиды. Өз елімнің патриоты ретінде ауданымыздың дамуына үлес қосқым келеді. Қазірдің өзінде киіз үйлерге тапсырыс берушілер бар. Идеяны өзім ойлап тапқанмын. Жобаны жүзеге асыру барысында осындай этноауылдар Алматыда, Шығыс Қазақстанда бар екенін естідім. Енді сол орындарға барып, тәжірибе алмасу жоспарда бар. Жобаны барынша дамытқым келеді.

Оразбек Саяхат
Сурттер ашық дереккөздерден және кәсіпкерден алынды

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кәсіпкерлік, мемлекеттік грант, Рухани, этноауыл, Тұзқала, экономика