Аталмыш кездесу Қазақстан чемпионатының 17-турының матчы болмақ. Қос қарсылас арасындағы Премьер-Лига аясындағы биылғы бірінші кездесу 27 сәуірде Көкшетауда өтіп, 1:0 есебімен «Оқжетпестің» пайдасына шешілген.

Қазіргі кезде көкшеліктер турнир кестесінде павлодарлықтардан бір саты жоғары орналасып, сегізінші орында келеді. Соңғы бес ойында «Оқжетпес» бір-ақ рет жеңіске жетіп, үшеуінде ұтылды. 16-турда қонақтар теңдей өткен матчта «Атырауды» 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Көкшеліктердің сапындағы ең қауіпті ойыншылардың қатарында шабуылшылар Таңат Нөсербаев пен бразилиялық Данило Алмейданы атауға болады. Олармен бірге, сербиялық Милан Стоянович пен Дарко Зоричтердің орталық шепте жүріп, дәл пас бере алатынын атап өткен жөн. Одан бөлек, қақпашыларымызға жартылай қорғаушы Санат Жұмахановтың жойқын соққы бағыттай алатынын естен шығармауы қажет.

Сонымен, «Ertis» – «Оқжетпес» кездесуі ертең 6 шілде күні сағат 19.00-де басталады. Кіру Астана күніне орай тегін.

Айта кетейік, ертең Павлодарда футболдан тағы бір қызықты матч өтеді. Қазақстанның Бірінші лигасы аясында «Екібастұз» ақтаулық «Каспийді» қабылдайды. Ойын «Жұлдыз» стадионында сағат 16.00-де басталады. Бұл матчқа да кіру тегін.

Айбек Жұматов

pavlodarnews.kz

Тэги: Ертіс ФК, Ertis ФК, футбол, спорт, ҚПЛ, Премьер-Лига