Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Қазақстандағы Франция елшісі Филиппин Мартинэмен екіжақты кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр атап өткендей, Франция Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің алғашқы бестігіне кіреді және еліміздің экономикасындағы негізгі инвесторлардың бірі болып табылады. «Бүгінгі таңда экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-француз Үкіметаралық комиссиясы мен қазақстан-француз іскерлік кеңесі белсенді жұмыс істеуде. Үкіметаралық комиссия сауда-экономикалық ынтымақтастықты, бизнес пен екі ел азаматтарының байланысын кеңейту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатын негізгі алаң болып табылады», - деді Роман Скляр.

Ведомство басшысының мәліметінше, елдеріміз арасындағы тауар айналымы өсімнің оң серпініне ие. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы сыртқы сауда айналымы 32,5% өсіп, 4,5 млрд АҚШ долларын (2017 жылы - 3,3 млрд АҚШ) құрады. Қазақстаннан Францияға экспорт 2018 жылы 35% артып, 3,8 млрд АҚШ доллары (2017 жылы - 2,8 млрд. АҚШ доллары) болды. Экспорттың негізгі тауарлары: шикі мұнай 1,4 млрд АҚШ доллары (98,7%), табиғи уран 13,7 млн АҚШ доллары (0,9%), шасси және олардың бөліктері 0,9 млн АҚШ доллары (0,1%), басқа хроматтар мен дихроматтар; пероксохроматтар 0,8 млн АҚШ доллары (0,1%) және тағы басқасы. Франциядан импорт 2018 жылы 24% өсіп, 661 млн АҚШ долларын (2017 жылы - 535 млн АҚШ доллары) құрады. 2019 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан мен Франция арасындағы сыртқы сауда айналымы 1,4 млрд АҚШ доллары болды. Соңғы 14 жылда Франциядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 15 млрд АҚШ долларынан асты.

Бүгінде Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 160 компания жұмыс істейді. Олардың арасында «Total», «Areva», «Danone», «Renault», «Air Liquid», «Alstom» және тағы басқа компаниялар бар. 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, Қазақстанда француздық қатысумен 232 заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген, оның ішінде жұмыс істейтіндердің саны - 154. «Біз француз компанияларының біліктілігі мен технологияларына мүдделіміз. Бүгінде ірі француз компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Оларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», - деп атап өтті ҚР ИИДМ басшысы.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: