Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған көрмеге өңіріміздің өнер әлемінде іздері қалған тұлғалардың суреті мен қолданған домбыралары қойылды.

-    Домбыра мен қазақ егіз ұғым, - деді музейдің бас қор сақтаушысы Әлия Саматова. – Домбырасыз қазақты, қазақсыз домбыраны елестету мүмкін емес. Сондықтан Ұлттық домбыра күніне орай музейімізде 10 күнге жалғасқан көрме қойылды. Көрменің инсталляциясы жазушы, журналист Мейрам Асылғазин, әнші, композитор Жүнісбек Шаймерденов, әнші, композитор Рахметхан Нұрбасаров, ұстаз, қолөнер шебері Нұрбек Әділбековтың және өзге де майталман тұлғалардың домбыраларынан жасалды. Оған қоса көрмеге Кәукен Кенжетаевтың аққу басты домбырасы да қойылған.



Көрменің ашылу салтанатында тұлғаларымыз жөнінде мәлімет беріліп, С.Торайғыров атындағы ПМУдың қазақ тілі және журналистика кафедрасының меңгерушісі Айман Файзуллақызы домбыраның тариxына тереңнен үңілді. Сонымен қатар, өңірімізге танымал әнші, күйшілер өнерлерін ортаға салды.



Шара барысында танымал шебер, домбыра жасау ісінің маманы Қуандық Баязитов шеберлік сағатын өткізді.



Айта кетейік, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында 20-дан астам домбыра бар. «Ғасырлар үні» көрмесіне 10-нан астам домбыра қойылды. 3 шілдеде басталған көрмені қала тұрғындары мен қонақтары 13 шілдеге дейін таңғы сағат 9:00-ден бастап, 18:00-ге дейін тамашалай алады.

Оразбек Саяхат
Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ұлттық домбыра күні, музей, көрме