ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова, Александр Суслов, Меруерт Қазбекова және Жәмилә Нұрманбетова Павлодар облысына жұмыс сапары барысында жедел жәрдем станциясына келді.

Станцияның бас дәрігері Қанадан Ахметжанов ұжым жұмысымен таныстыру барысында оңтайландырудың оң әсер еткенін атап өтті.

- Өңіріміздегі жедел жәрдем қызметі дамып келеді, - деді Қанадан Ахметжанов. – Оңтайландыру жобасы нәтижесін беруде. Пациентке келу уақыты 15-тен 8 минутқа қысқарды. Бұл тұрғыда біздің станция еліміздегі ең үздік болып табылады. Сондай-ақ станцияның жеделдік көрсеткіші 90 пайыздан 99,1 пайызға өсті. Тасымалдау кезінде өлім-жітім саны 21 пайызға азайды. Бұл көліктердің тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне байланысты. Толық жабдықталған көліктер қазіргі таңда облыс орталығымен қатар, барлық аудандарда бар.

Бас дәрігердің айтуынша, станцияда еліміздегі алғашқылардың бірі болып «қоңырауды ұстап қалу» әдісі қоданылып жатыр. Аталған әдістің көмегімен 7 адамның өмірін сақтап қалған.

- Бізге қоңырау келіп түскенде диспетчер қоңырауды үзбей ұстап қалады, - деді бас дәрігер. – Жедел жәрдем тобын аттандырып тастап, қоңырау шалушыға қызметкерлер келгенше кеңес беру арқылы көмек көрсетеді. Мысалы, өткен айда бір ана қоңырау шалып, баланы аман алып қалдық. Павлодар қаласынан туылғанына 27 күн болған нәрестенің анасы қоңырау шалған болатын. Аспирация жағдайы орын алып, баланың тыныс алуы тоқтап қалған. Қызметкерлеріміздің кеңесі арқылы тиісті шараларды жасап, бала аман қалды.

Сонымен қатар, депутаттармен кездесу барысында станцияға қосымша қаржы қажет екені айтылды.

- Оңтайландыру жұмысының сәтті іске асқанын көріп тұрмыз, - деді депутат, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жәмилә Нұрманбетова. – Қызмет көрсету сапасы артқан. Кіші қалалар мен аудандарда көліктер тиісті жабдықтармен қамтылған. Қызметкерлердің барлығы халықаралық стандарттарға оқытылған. Бұның бәрі адамдарға жәрдем беру кезінде пайдасын тигізеді. Қолданылған шаралар Елбасының денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру туралы тапсырмасымен және президенттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыру барысындағы халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету туралы тапсырмасы бойынша жасалып отыр. Осы тапсырмалар бойынша парламентте бірқатар заңнамаларға өзгеріс енгізілді. Бүгін станция қызметкерлерімен кездесуде қосымша қаржы керек екені туралы мәселе көтерілді. Маусым айынан қызметкерлердің жалақылары көтерілген. Алайда, бөлінген қаржы жалақыны, станцияның толық шығынын жабуға жеткілікті емес. Бұл мәселе парламентте қаралуы керек. Жалпы, Павлодар жедел жәрдем қызметі еліміздегі алдыңғы қатарда.

Айта кетейік, Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында 1200-ге жуық адам қызмет етеді. Маусым айынан бастап медицина салсындағы қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға көтерілген болатын.

Оразбек Саяхат
Фото: Индира Лятина

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, депутаттар, жедел жәрдем, медицина