Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нариман Жүнісов мәлім етті.

- Балық шаруашылығы ғылымының ақпараты мен инспекция жүргізген ихтиологиялық бақылаулардың нәтижесінде ағымдағы жылы Павлодар облысының балық шаруашылығы су қоймаларында балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдайлар анықталды, - деді Нариман Жүнісов. – Құзіретті органдармен жануарлар әлемін сақтау және қолайлы жағдай жасау үшін белгілі уақыт аралығында су қоймаларында балық аулауға тыйым салынады. Биыл облысымыздағы су қоймаларында 10 мамырдан бастап, 20 маусымға дейін шектеу қойылды. Сондай-ақ 2019 жылғы уылдырық шашу кезеңінде облыстағы су қоймаларында табиғатты қорғау заңнамасын бұзу жағдайлары тіркелді. Жүргізілген рейдтік шаралардың нәтижесінде 65 әкімшілік хаттама толтырылды.

853,4 мың теңгеге айыппұлдар жазылып, оның 689,3 мың теңгесі өндіріліп алынды. Ұсталғандардан 19 браконьерлік құрал тәркіленді. 5 әкімшілік материал облыстың әкімшілік соттарына жіберілді.

Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 жартысында жыл бойы аулауға тыйым салынған сүйрік балығын аулау бойынша 2 жағдай анықталған.

- Бірінші Павлодар ауданында 20 келі сүйрік аулаған адам ұсталды, - деді инспекция басшысы. – Ол адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, өз еркімен айыппұл төледі. Екінші жағдай Тереңкөл ауданында тіркеліп, 4 келіден астам сүйрік аулау белгілі болды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Айта кетейік, облыста үш деңгейдегі балық аулауға арналған су қоймалары бар. Ертіс өзені –халықаралық маңызға ие болса, 9 республикалық, жергілікті маңызға ие 265 суқоймасы тіркелген. 1 шілдедегі жағдай бойынша 106 су қоймасы 37 жануарлар әлемін қолданушыларға бекітілген.

Оразбек Саяхат
Фото: fishing.kz және ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, аң аулау, балық аулау, аңшылық маусымы, жануарлар әлемі