Кәсіпорын технологы Ерлан Уахитовтың айтуынша, тігін фабрикасы Павлодар облысы нарығында бірнеше жылдан бері ұлттық компаниялардың тапсырмаларын қабылдайды.

- Мейрамхана бизнесі, медицина және басқа да түрлі салаларға қысқы және жазғы киімдер тігеміз, - дейді ол. - Оның ішінде «ҚазТрансОйл» компаниясы да бар. Нарыққа қажет сұраныс бойынша технолог-конструкторлар модельдерді құрастырады. Қаржымен есептейтін болсақ, 400 млн теңгенің өнімін шығарамыз. Отқа төзімді костюмнен бастап, 20 мың бірлік әртүрлі бұйым ұсынылады. Негізінен жібек, мақта, синтепон қолданылады.

Сондай-ақ, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша республикалық байқауда өңір намысын қорғауға ие болған «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС тобы әкімшілігінің көмекшісі Инаят Тұрсынов инновациялық технологиялардың арқасында зор жетістікке қол жеткізілгенін атап өтті.

- Кәсіпорында әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жаңа технологиялар енгізілген, - дейді Инаят Тұрсынов. - Мұндай әдіс посткеңестік кеңістікте алғаш рет бізде ғана қолданылады. Диспетчерлер барлығын қашықтықтан бақылап отырады. Кәсіпорында 1800 адам еңбек етеді. Ал, осыған ұқсас зауыттарда 20-30 мың адам жұмыс істейді. Еңбек қабілетін 15 есеге қысқартып, өнім көлемін арттырамыз. Бізде өндірілетін «К-7» және «К-6» маркалы мыс концентратының сапасы 22 пайызды құрайды. Бұған қоса, зиянды қосындылар үлесі төмен. Молибден концентратының сапасы - 50 пайыз. Жартылай дайын молибден сирек кездеседі. Ылғал деңгейі - 8 пайыз. Яғни, су емес, металл тасымалданады. Кәсіпорында заманауи сүзгі тұр. Өнім үш бағытта - Қытай, Ресей және Балқашқа жеткізіледі. Негізгі сатып алушы – Қытай елі.

«KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС 2016 жылы «Үздік индустриялдық жоба» ретінде «Алтын сапа» байқауында жеңімпаз атанған. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 30 млн тонна мыс шығаруға жетеді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, экономика