Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Ерлан Ержанов мәлім етті.

- Өткен жылы облысымыздағы медициналық ұйымдарға 131 жас маман келді, - деді Ерлан Ержанов. – Биыл басқаша жүйе қалыптасты. Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен мемлекеттік грантпен оқыған әр жас маман 3 жыл медициналық ұйымдарда қызмет атқаруға міндеттелді. Осы арқылы ұйымдарға тартылатын жас мамандардың саны артуда. Әсіресе, ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдарға баса назар аударылады. Жергілікті атқарушы органдар көтермеақы беру, үй бөлу арқылы қолдау көрсетуде.

2018 жылы облыс бойынша 32 ведомствоның үйі жас мамандарға берілген. Биыл облысымыздағы ұйымдарға келетін мамандардың саны 2 есеге өсіп, 264-ке жеткен.



- Ақсу қаласында жас мамандарға арналған жаңа үйден 15 пәтер бөлінген, - деді Ерлан Ержанов. – Оның бесеуіне орналасатын мамандар белгілі. Екібастұз қаласында денсаулық сақтау саласының мамандарына 86 пәтер дайындалған. Пәтерлерді мамандар тек 8000 теңгеге ғана жалдайды. Оған қоса, облысымызда ауылдық жерлерге жұмысқа келген жас мамандарға 70 АЕК мөлшерінде көтермеақы төленеді. Биыл бұл сома 176 750 теңгені құрайды. Сондай-ақ баспана алу үшін 0,001 пайызбен несие беріледі.

«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 12 дәрігер өтініш беріп, өз пәтерлеріне қол жеткізді. Аталған бағдарлама бойынша қызметкерлердің алғашқы жарнаны төлеуіне көмек көрсету мақсатында 1 млрд теңге бөлінді.

Спикердің айтуынша, өңірімізде жалпы тәжірибедегі дәрігерлерге сұраныс көп. Сондай-ақ акушер-генеколог, реаниматологтар да қажет.

- Биыл келетін 264 маманның 65-і жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, - деді Ерлан Ержанов. – Олар қазір 7 жылдық оқуын тәмәмдады. Арасында 9 жыл оқитындар бар. Арнайы бір бағытқа маманданып, тереңдетіп оқуы мүмкін. Жалпы өңірімізге 102 жалпы тәжірибедегі дәрігер қажет болған. 65 маманмен шарт жасалып өңірдегі аталған дәрігерлер саны 301-ге жетті. Енді 37 жалпы тәжірибедегі дәрігер керек. Мамандарды тарту бойынша атқарылып жатқан шаралар арқылы бір дәрігерге жүктелетін міндет азаяды. Әсіресе, емханалардағы бір дәрігердің мойнына артылатын жүк көп.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Екібастұз, Ақсу қалаларының және бірнеше аудандардың бас дәрігерлері қажетті мамандарды іздестіру үшін облыстан тыс сапарда жүр. Олар жас емес, тәжірибелі мамандарды іздестіруде.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жас маман, кадр, медицина