Облыс әкімі Болат Бақауовтың ұсынысы бойынша Арыс қаласының әскери бөлімінде снарядтардың жарылуы салдарынан зардап шеккен балалар жергілікті жазғы лагерьлерге шақырылған. Бірінші топпен 130 бала Павлодарға ұшақпен 27 маусымда, екінші топ 11 шілдеде пойызбен келді.

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов пен білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы демалуға келген балаларды перронда қарсы алды.

- Облыс әкімі уәде бергендей, біз 300 баланы қабылдадық, - деді Асхат Оралов. – 100 бала Ақсу қаласында «Қазхром» ТҰК АҚ «Ферросплавщик» орталығына, қалған 70 бала Шарбақты ауданының «Чайка» сауықтыру лагерінде демалады.

Аймақ басшысының шақыруымен бұған дейін Арыс қаласынан келген 130 бала қазіргі таңда Баянауыл ауданында демалуда.

- Олар тек демалып қана қоймай, біздің өңірдің тарихымен және табиғатымен танысады, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары. - Екінші топ үшін Баянауылға экскурсия ұйымдастырады.

Дінислам Болатханұлының айтуынша, лагерьдегі жазғы маусым 15 күнге созылады, бірақ балалардың қалауы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.

Білім басқармасының деректері бойынша, балалардың тұруы бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен қамтамасыз етілді. Арыстан балалармен бірге тоғыз адам келді: мұғалімдер, әлеуметтанушылар және тәрбиешілер.

Сауықтыру лагерлерінде демалудан басқа, балаларға Павлодардың мұражайлары мен мәдени-демалыс орындарын көрсету жоспарланып отыр.

- Бізді Көкшетауға, Өскеменге шақырды, бірақ біз Павлодарды таңдадық, - дейді Арыс қаласының тәрбиешісі Салтанат Орынбасарова. – Үйлерді қалыпқа келтіргенге дейін екі апта бойы демалуға келгеніме өте қуаныштымын. Бұл уақытты көңілді және пайдалы өткізетінімізге сенімдімін. Менің үш балам бар, олардың екеуі менімен келді. Бұл облысқа алғаш рет келіп отырмыз. Бізде өте ыстық, ал мұнда салқын болса да, ауа райы өте жақсы.

Еске сала кетейік, 24 маусым күні таңертең Арыс қаласында әскери бөлім аумағында снарядтар жарыла бастады. 45 мың тұрғын эвакуацияланды. Қала көшелерінде 5700-ден астам жауынгерлік снаряд табылды, аумақты 43 саперлер тобы мен 1488 ІІМ қызметкерлері тексерді. 28 маусымда тұрғындар өз үйлеріне оралды, алайда қала ғимараттарының 80%-ға жуығы зақымдалды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев хабарлағандай, қаланы 17 секторға бөліп, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне бекітілген. Павлодар облысы 450 үйді қалпына келтіру жұмыстарын өз жауапкершілігіне алды.

 

 

Томирис Бекжан


Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім