Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Баспана» ипотекалық ұйымының өңірлік директоры Толқын Нұрмахин мәлім етті.

- Қазіргі уақытта жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгеге 248 өтініш берілді, - деді Толқын Нұрмахин. – Оның 945 миллион теңгелік 119-ы қабылданды. Тұрғын үйлерді жүзеге асыру бойынша рейтингте облысымыз 17 орынның 15-інде тұр. Статистиканы өзгерту үшін сатылған үйлердің санын көбейту қажет. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органмен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің кем дегенде 50 пайызын 7-20-25 бағдарламасына бөлу туралы келісімге қол жеткізілді.

Спикердің айтуынша, бағдарламаның негізгі шарттары - Қазақстан Республикасының азаматтығы болу, ипотекалық несие мен тұрғын үй болмауы, сондай-ақ төлем қабілеттілігін растау.

Ол сондай-ақ кез келген адамның Қазақстанның кез келген жерінен жылжымайтын мүлікті сатып алуға құқылы екенін атап өтті. Павлодар облысындағы үміткерлердің 10 пайызы еліміздің басқа өңірлерінде, негізінен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында мүлікті сатып алғысы келеді.

Бүгінде Павлодарда аталған бағдарлама бойынша 150 пәтер жүзеге асырылуда. Бағалары 170 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін өзгереді.

- Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан 900 несиелік пәтердің шаршы метрінің құны – 140 мың теңгені құрайды, - деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисов. – Олардың ішінде 450 пәтер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша бөлінеді. Ал қалған 450-і «7-20-25 » бағдарламасы бойынша берілмек.

Бөлім басшысының айтуынша, бұл баға басқа өңірлермен салыстырғанда төмен.

Айта кетейік, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша 8 банк жұмыс жасайды. Оның ішінде Халық банкі, Ресей Сбербанкі, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бар.

Дулат Райымбек
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, 7-20-25, баспана, несие