- Біз ауылдық кәсіптік-техникалық оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесін бірнеше рет көтерген болатынбыз, - деді облыс әкімі. - Егер аспаздар нарықта сұранысқа ие болмаса, оларды не үшін оқытамыз? Оның орнына үш жыл «Кәсіпкерлік негіздеріне» үйрететін болсақ, колледжден дайын бизнесмендер шығады. Бүгінде нарыққа бизнесмендер қажет.

Павлодар облысында бизнес-идеяларды қолдау үшін өз  ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге жарты миллионнан астам теңге көлемінде гранттар беруге дайын, мұндай гранттар 500-ге жуық қарастырылған.

Сондай-ақ, аймақ басшысы бизнестің табысты өкілдерінің қатысуымен жас кәсіпкерлердің республикалық форумын өткізуді ұсынды.

Өңірлік білім беру басқармасының ақпараты бойынша, ТжКБ ұйымдары 82 мамандық және 152 біліктілік бойынша дайындықты жүзеге асырады. Облыста барлығы 47 колледж жұмыс істейді, оның ішінде 32-сі мемлекеттік.

Музыка колледжінің оқытушысы Өркен Қайыргелдіқызы болса, мектептерде домбырада ойнауды үйрететін сыныптар ашу туралы ойымен бөлісті.

Бұл ретте, облыс әкімі осыдан екі жыл бұрын өңір мектептерінде шахмат сыныптары іске қосылғанын еске салып, жаңа оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап мектептерде бұл жаңашылдықты енгізу еш қиындық тудырмайтынын жеткізді.  Сондай-ақ,  «Жасыл ел» жасағының мерейтойлық XV еңбек маусымының жабылуын Ертіс өңірінде өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам