- Төрт жылдан бері хобби ретінде үйде отырған кезде қолөнермен айналыса бастаған едім, - дейді ол. - Кейін тапсырыс көбейе түсті. Негізгі мамандығым шаштараз. Әкем қолөнермен айланысады. Сондықтан қолөнерге деген қызығушылық қанмен дарыған болар. Әрі қарай «Атамекен» палатасының қолдауымен «Бизнес Бастау» бойынша тігін машинасын сатып алдым да ателье аштым. Авторлық оюлар сызамыз.

Қолөнершінің айтуынша, жуырда Екібастұз қаласының әкімідігі көп балалы анаға көрсетілген көмек ретінде тегін орын-жай ұсынған. Қазіргі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Қыз жасауына тапсырыс бергендердің арасында Қарақат Әбілдина, Айгүл Елшібай және Анар Батырхан сияқты өнер саласында жүрген жұлдыздар бар. Сондай-ақ, Францияның қазақтары қошқар мүйізді оюмен өрнектелген көрпешелер тіктірген.

- Алматы қаласынан Франция еліне көшіп кеткен қандастарымыз «Француздар тәнті болды» деп хабарлама жіберді, - дейді қолөнерші. – Қарақат Әбілдина қызының бір жасқа толуына орай үлкен той жасап, сыйлы қонақтары үшін 10 көрпешеге тапсырыс берді. Ең қымбат көрпешенің біреуі 35 мың теңгеден тұрады. Олардың барлығы инстаграм әлеуметтік желісі арқылы шығып жатады. Сирек кездесетін және жуғанда бояуы шықпайтын сапалы маталардан тіккенді ұнатамын.

Ақтаудан Екібастұзға нағашыларына қонаққа келген Гүлперизат Өтебаева кеншілер қаласында қалып тұрмысқа шыққан.

- Балаларымның үлкені 12 жаста, - дейді көп балалы ана. -  Үш қыз және екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Қазіргі таңда алтыншы баламыздың дүниеге келуін күтіп жүрміз. Дүниеге екінші баламды әкелгеннен кейін Ділназ бен Аружанды бауырыма басқым келіп, жолдасымның келісімімен балалар үйінен қамқорлыққа алдық.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: автор

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам