- Бірінші қайғылы жағдай Ақсу қаласында орын алды, - дейді облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов. - Бір отбасынан 2004 және 2008 жылғы бала суға кетті. Балалардың әкесінің айтуынша, отбасымен Ертіс өзенінің жағасына демалуға шыққан. Шомылуды мүлдем жоспарламаған. Екі ұлдың кішісі суға аяғын салуға барған кезде тайып кеткен болу керек, судың ағысы баланы алып кеткен. Оны көрген ағасы соңынан жүгірген. Өкінішке орай, бауырын  құтқара алмады және өзі де суға кетті.

Бірінші күні сүңгуірлер балалардың денелерін таба алмаған.

- Судың ағысы қатты,  түбінде  жұмыр тастар бар, - дейді Серік Шериязданов. - Сүңгуірлердің өзі ілініп қалып, екіншісі көмекке келіп алып шыққан. Бүгінгі күні іздеу жалғасуда.  Үш күн белсенді, 7 күн судың бетінде пассивті іздеу жүргізіледі. Ол үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді. Дегенмен, ата-аналар сенім білдірмесе, әрі қарай жеке меншік сүңгуірлерді жалдай алады. Осы уақытқа дейін бір адам құтқарылып, 9 адам эвакуацияланған.

Сондай-ақ, Кенжекөл ауылына достарына қонаққа келген 2005 жылғы жасөспірім Ертіс өзенінің тармағында судан ажал құшқан. Сүңгуірлер денесін жағадан 10-15  метр қашықтықта,  3 метр тереңдіктен 20 минуттың ішінде алып шықты.

Павлодар ауданы Мичурино ауылында қазаншұңқырда батып кеткен 2007 жылғы қыз баланың денесін  сол күні сүңгуірлер 10 минуттан соң  алты метр тереңдіктен анықтаған.   

Павлодарское ауылында кеше түсте арнайы шомылуға жабдықталмаған орында суға кеткен 2006 жылғы баланы сағат 10.55-те тауып алған.

Айта кетерлігі, шомылу маусымы басталғаннан бері 15 адам суға батып кеткен. Оның жетеуі – бала.

 

Ақбота Сейсенбаева
Фото: Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам