Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдин атап өткендей, трасса бойында жылы дәретханаларды орналастыру - пилоттық жоба. Оның өңірде қаншалықты жүзеге асырылатынын уақыт көрсетеді.

- Қазіргі уақытта үй құрылысы комбинатымен бірге жылы дәретханалардың типтік жобасы әзірленуде және олардың құны есептеледі. Нысан орналасқан жерге және материалдарға байланысты әртүрлі нұсқалар бар. Әзірге құны шамамен 6 млн-нан 15 млн теңгеге дейін болады деп болжануда. Нұр-Сұлтан – Павлодар бағыты бойынша ерлер мен әйелдерге арналған, санитарлық тораптар орналасқан екі модульді дәретхана орнатқымыз келеді. Бұл орындар жылытылады, жинауға жауапты және күзететін адам болады, - деді Ақылбек Қабылдин.

Спикер жол бойындағы дәретхана ақылы немесе тегін бола ма екені әзірге белгісіз екенін айтады.

Еске сала кетейік, жыл басында облыс әкімі Болат Бақауов әкімдіктегі кеңестердің бірінде қарамағындағыларға демалыс аймақтарында, адамдар көп жиналатын жерлерде және жол бойындағы қызмет көрсету нысандарында дәретханалар салу мәселесін шешуді тапсырған болатын. Бұл шаруаны жеке инвестициялар мен бюджет қаражаты есебінен жасауды ұсынды.

Бұдан бұрын облыс әкімі атап өткендей, Павлодар облысының тас жолында бірде-бір жол бойындағы дәмхана және бірде-бір автожанармай құю станциясы жылы дәретханасыз болмауы тиіс.
Сондай-ақ, бұл талаптарға сай келмейтін сервис нысандарын жабу шараларын қолдануды ұсынды.

Облыста жұмыс істеп тұрған 121 жол бойындағы қызмет көрсету нысанының тек 50-інде ғана жайлы жылы дәретханалары бар, 71-інде жоқ.

 

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, МРТ