Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Айдос Сәкенов мәлім етті.

- Павлодар облысында кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларының барлығы қолға алынған, - деді Айдос Сәкенов. – Солардың бірі – «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы. Бүгінгі күні бағдарлама бойынша 199 жоба мақұлданды. Бұл жоспардан 7 пайызға артық. Бұл тұрғыда субсидиялау бойынша мақұлданған жобалар көп. 1 шілдедегі жағдай бойынша 116 жоба субсидиялауға жіберілді. Бұл көрсеткіште өңіріміз еліміз бойынша бірінші орында.

Сонымен қатар, жаңадан іс бастағалы жатқан кәсіпкерлерді гранттар бойынша іріктеу және қаржыландыру жұмысы аяқталды. Нәтижесінде 15 жоба мақұлданды. Гранттардың жалпы құны – 43 млн теңге. Осы арқылы Аққулы ауданында этноауыл ашылып, Екібастұзда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған киім тігу, Железин ауданында балық аулау және туризмге арналған тауар өндіру, Ақтоғайда балаларды дамытуға арналған жиһаз жасау жобалары қолға алынды.

Спикердің айтуынша, бұл қолдау шарасы жоғары сұранысқа ие болғандықтан, жастар үшін қосымша 40 млн теңге бөлінген. Өтініштер 8-14 тамыз аралығында қабылданады.

- Гранттарға кез келген 29 жасқа дейінгі адам үміткер бола алады, - деді Айдос Сәкенов. – Бастысы ол адамда салық төлемдері уақытылы жүзеге асырылған болуы тиіс. Қосымша ақпаратты Павлодар қаласы, Астана көшесі, 61 үй мекенжайынан алуға болады.

Айта кетейік, былтырғы жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 2,7 млрд теңге бөлінген.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кәсіпкерлік, мемлекеттік грант, экономика