Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Айдос Сәкенов мәлім етті.

- 1 шілдедегі жағдай бойынша 46 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлікте 133 мыңнан астам адам жұмыс жасауда, - деді Айдос Сәкенов. – 1 жартыжылдықта жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің оң динамикасы байқалады. Олардың қатары 2 мың бірлікке немесе 5,4 пайызға өсті. Оған қоса, кәсіпкерлік белсенділік 2 пайызды құрады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерінен бюджетке салықтық түсімдер көлемі артты. Жалпы, шағын және орта бизнестен түсетін салық өңірдегі салық түсімінің ширек бөлігін құрайды. Өткен жылы аталған бағыттан 62,8 млрд теңге салық түскен.

Қазіргі уақытта шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өңірде «Бизнестің жол картасы 2020», «Қарапайым заттар экономикасы», Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктің «Еңбек» бағдарламасы атты үш негізгі бағдарлама жүзеге асуда.

Еске салайық, бұған дейін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы жазған болатынбыз.

- «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша кәсіпкерлік нысандарын жан-жақты қолдау мақсатында 9 банк фокус топ құрды, - дейді Айдос Сәкенов. – Топ бағдарламаға қатысатын кәсіпкерлердің жобаларына тұрақты түрде тыңдаулар өткізеді. Қазіргі таңда құны 178,9 миллиард теңге болатын 85 жоба қаралып жатыр. Ал, «Еңбек» бағдарламасы бойынша бүгінгі күні 33 жобаға несие берілді. Оның жалпы құны – 344 миллион теңгені құрайды.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кәсіпкерлік, экономика