Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Павлодар әкімі Қайрат Нүкенов Израиль елшісі Лиат Вексельманмен кездесті.

- Біздің келген мақсатымыз саяси диалог пен экономикалық қарым-қатынастар. Бізді ауыл шаруашылық бағыттары қызықтырады және басқа елдермен тәжірибе алмасуға әзірміз, - деді Израиль елшісі.

Қайрат Нүкенов Павлодар жаңа инвестициялық жобаларды ашу үшін ерекше аймақ бола алатындығын атап өтті.

- Павлодар Қазақстанның индустриалды орталығы болып табылады және бұл бағытта белсенді даму үстінде, - деді Қайрат Нүкенов. – Бұнда Қазақстандағы ең арзан электр энергиясы бар. Сондай-ақ АЭА жер салықтарынан босату, нөлдік мөлшерлеме бойынша кедендік тазарту сияқты көптеген мүмкіншіліктерді береді. Оған қоса, облыс орталығында ауыл шаруашылық бағыты кеңінен дамыған. Бүгінде біз жылыжай кешендері мен құс фабрикаларын салуға қызығушылық танытып отырмыз.

Облыс орталығының басшысы инвесторлар үшін кездесу ұйымдастыруға және оларды қызықтыратын нысандарды аралатып, экскурсия өткізуге дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде Лиат Вексельман Павлодар қаласының әкімін осы жылдың аяғында Израильде өтетін мэрлердің, әкімдер мен губернаторлардың халықаралық конференциясына қатысуға шақырды. Қала әкімі елшілік өкілдеріне алғысын білдіріп, осы мәселені қарастыруға сөз берді.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Израиль елшісі, кездесу