Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов мәлім етті.

- Облысымызда шомылу маусымында 17 коммуналдық жағажай бекітілген, - деді Самат Асаинов. – Оның үшеуі қалаларда, 14-і ауылдық жерлерде. Облыс аумағында барлығы қауіпсіз 29 орын дайындалған. Олардың 16-сы жекеменшік жағажайлар. Жергілікті полиция қызметі, ювеналды полиция, білім беру бөлімдері мамандарымен бірлескен күнделікті рейдтік шаралар күшейтілді. Суда қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесі бойынша 303 рейд өткізіліп, тұрғындарға 29303 жаднама таратылды.

Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп жүргізілген рейдтік шаралар барысында 215 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың көбісі тыйым салынған орындарға шомылған, қоғамдық орындарда ішімдік ішкен адамдар.

Спикердің айтуынша, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су айдындарының маңындағы қауіпті және жасақталмаған орындарда 84 тыйым салу белгісі және 57 ескерту белгісі орнатылған. Алайда, оның көбісіне бұзақылардан зақым келген.

Атқарылған жұмыстарға қарамастан шомылу маусымы басталғалы бері облыстың су айдындарында 28 адам көз жұмған. Олардың тоғызы – бала. Алты бала ересектердің бақылауынсыз жүрген.

Самат Асаинов қайғылы жағдайлардың барлығы азаматтардың жауапсыздығынан орын алып, тұлғалар шомылуға тыйым салынған жерлерде суға батып кеткенін атап өтті.

- Соңғы бес жылдың сараптамасына қарасақ суға шомылу кезінде көз жұму оқиғалары шілде айында көбірек орын алады, - дейді Самат Асаинов. – Өткен жылы маусым бойы 24 адам көз жұмса, биыл тамыздың басында 28 адамға жетті. Адамдар өздерінің және балаларының өміріне жауапты қараса екен дейміз. Соңғы оқиға Екібастұз қаласында орын алды. Ер адам ішімдік ішіп алып, ескертуге қарамастан баласын ертіп су арнасына барған. Жолда балықшылардың жанынан өткен. 10 минуттан кейін бала жүгіріп келіп әкесінің батып жатқанын айтқан. Балықшылар жеделдетіп барғанның өзінде өмірін арашалап үлгермеді.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, шомылу маусымы, адам өлімі, ТЖД