Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы саябағында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Шара басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы мерекемен құттықтап өтті.



-    Бізді жаратқан Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Міне еліміз аман, жұртымыз тыныш, қасиетті екі мейрамымыздың бірін тойлаудамыз, - деді бас имам. - Ислам діні адамдарды жақсылыққа шақырады. Мұсылман адам мұқтаж жанды көрсе қол ұшын созады. Ол адамның діні басқа ма, ұлты басқа ма, жақсы ма, жаман ба қарамайды. Сондықтан шалған құрбандығының бір бөлігін өзіне, екіншісін жақындарына, үшіншісін мұқтаж жандарға береді. Баршаңызды айтулы мейраммен құттықтаймын. Шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын!



Бас имамның айтуынша, Павлодар өңірінде Құрбан айт мерекесі жылдан жылға кеңінен атап өтіліп келе жатыр.

-    Бұл мейрамды кеңінен тойлауға Елбасымыздың осы Құрбан айтты демалыс күні деп жариялауы себепкер, - деді Жолдас Қоспақұлы. – Мемлекетіміздің азаматтарына құлшылық жасауға мүмкіншілік беріліп отыр. Оған қоса, облыстық және қалалық әкімдік те мейрамды атап өтуге көмегін тигізуде. Бұл мереке – халқымызды ауызбіршілікке, ынтымаққа ұйысуға, жақсылыққа шақыратын, иманымызды көтеретін мереке. Бүгін саябағымызда мерекелік шаралар ұйымдастырып, жастарымызды тура жолға, жақсы істерге бастау мақсатында өткізіп жатырмыз. Жұртымызда бірлік, береке болса, еліміздің мерейі жоғары болады.



Сонымен қатар, саябаққа жиналушыларға шаһардағы барлық мешіт палау пісіріп тартты. Оған қоса, мерекеге орай қайырымдылық жәрмеңкелері де ұйымдастырылған.



Ал, саябақ сахнасында рухани-патриоттық концерт және балаларға арналған сұрақ-жауап ойыны өткізіліп, сыйлықтар үлестірілді.



Айта кетейік, павлодарлық мұсылман жамағат мейрамның құлшылығын жасау үшін арнайы белгіленген орын «Құлагер» атшабарында құрбандық шалуда.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Құрбан айт, мейрам