Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «Мемлекеттік қызмет алу үшін – трамвайға кел» акциясының бастамашылары Павлодар облысы әкімінің аппараты, «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы болып табылады.

-    Вагонда көрсетілетін қызметті алушыларға арналған тиісті сыртқы жарнама, ал вагонның ішінде бүктемелер, кітапшалар, жаднамалар орналастырылған, - деді баспасөз қызметінде. – Одан басқа, трамвай салонындағы теледидарда Egov порталында жұмыс істеу бойынша көрнекі консультациялар беріледі. Қажет болған жағдайда, жолаушылар біржолғы SMS құпия сөз арқылы 44 әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметті алу үшін вагонда «Электронды үкіметтің» мобильді азаматтар базасында тіркеуден өте алады.

«Мемлекеттік қызмет алу үшін – трамвайға кел» акциясы 12 тамызда сағат 10:15-те басталады. Арнайы вагон Солтүстік өнеркәсіп аймағы, 258 мекенжайы бойынша орналасқан трамвай депосынан жүреді.

Сондай-ақ, оқыту акциясы шеңберінде Egov порталының Телеграм-боты көрсетіледі. Оның көмегімен мессенджер пайдаланушылары түрлі анықтамалар алып, медициналық ұйымға тіркеліп, ХҚКО-ға кезекке тұра алады.

Аталған акцияның көмегімен мамандар «Электрондық үкімет» порталында электрондық мемлекеттік қызметтерді алудың қолжетімділігі мен қарапайымдылығын көрсете алады.

-    Себебі, бүгінгі күні қандай да бір анықтаманы халыққа қызмет көрсету орталығында алу үшін кезекте тұрудың қажеттілігі жоқ. Egov арқылы лицензияны ресімдеу үшін тек ЖСН қажет (барлық қалған деректерді автоматты сұраулардың көмегімен алады). Коммуналдық қызметтер мен айыппұлдарды онлайн төлеуге болады, бизнесті дербес тіркеп, баланың балабақшадағы кезегін кез келген уақытта білуге болады, - деді әкімдікте.

Барлық қажетті ақпаратты Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен 66-37-72, 66-37-73 телефондары арқылы алуға болады.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ХҚКО, мемлекеттік қызмет алу, қоғам