Турнир көшбасшысына қарсы ойынға павлодарлықтар дерлік негізгі құрамды шығарды. Алайда, команда ойынын алға тартып жүрген Жереми Манзорро алғашқы минуттан алаңда көрінбеді.

Бірінші таймда Ertis алаң иелері екенін көрсетіп, ойынды өз бақылауында ұстады. Қарсыластар қақпасына бірнеше соққылар жасалды. Ойыншылар қаншалықты шабуылды ұйымдастырса да нәтиже болмады.

Екінші тайм басталғанда қостанайлықтар айбатын көрсете бастады. 54-минутта Бауыржан Тұрысбектің айып алаңының сыртынан, бірнеше қорғаушының арасынан асырып тепкен соққысы голға айналды.

Ал, 72-минутта «Тобылдың» қарымта шабуыл ұйымдастырып, павлодарлықтардың қақпасына бағытталған Сенин Себайды қорғаушы Патрик Хиди итеріп құлатып түсірді. Төреші 11 метрлік айып добын белгілеп, Максим Федин соққысын дөп бағыттады. Осылайша, алаң иелері тізе бүкті.

Ertis турнирдегі соңғы 4 ойында 4 рет жеңіліске ұшырап, ешқандай гол сала алмады. Нәтижесінде қақпадан 8 гол жіберіп алды.

«Ertis» ФК бас бапкері Милан Миланович бірінші таймдағы ойын ең үздік ойын болғанын айтты.

- Өткендегі Қайратпен өткізген ойыннан кейін айтқанымдай, бірінші таймда ертегідей ойнадық, - деді Милан Миланович. – Мен бапкер болғалы көрген ең үздік тайм деуге болады. Гол жіберіп алғаннан кейін ойын бітті. Әрі қарай біздің ойын жүрмеді. Егер Қайрат пен Тобылға қарсы ойнағандай жалғастыратын болсақ нәтиже болады. Ойыншылар беріле салмағанына алғыс айтамын. Жеңіске ұмтылды. Жереми Манзорро соңғы 5 ойында алғашқы минуттан ойнады. Мен өзгеріс жасағым келді. Ал, Урош Витаспен алмастырған себебім, ол тағы да жарақат алып қалды

Қазақстан Премьер-Лигасының 2 айналымы осымен өз мәресіне жетті. Алда әлі 11 ойын бар.

Айта кетейік, 22-турдың қорытындысы бойынша «Ertis» ФК 5 рет жеңіп, 15 рет жеңіліс тауып, 2 рет тең түсті. 17 ұпай жинап, 11-орынға жайғасты. Барлығы 11 гол соғып, 36 гол жіберген.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Ertis", ФК, футбол, спорт