Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұндай тексеріс халық көп жиналатын орындарда адамдардың қауіпсіз демалуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

- Осындай нысандардың иелері мен басшылары қызметшілер мен келушілер үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті, - деп атап өтті тәртіп сақшылары. – Полиция қызметкерлері техникалық жабдықталуын, құлақтандыру, дабыл беру жүйелерінің жұмыс істеуін, эвакуациялау жолдарының қол жетімділігін, өткізу режимінің сақталуын тексереді. Сондай-ақ террористік қауіптілік туындаған кезде әрбір қызметкердің әрекет ету тәртібін білуіне ерекше көңіл аударады.

Жыл басынан бері тәртіп сақшыларымен 480 нысан тексерілді. 14 басшыға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. 8 басшы сотпен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100-ден 200 АЕК мөлшеріне дейін жалпы сомасы 3 млн 925 мың теңге айыппұл салынды. Қалған 6 материал соттың қарауына жіберілді.

- Павлодар қаласының қонақ үйлерінің бірінде бейнебақылау жүйесі талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды, - деді департаментте. – Осыған байланысты полиция қызметкерлерімен ҚР ӘҚБК-нің 149-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылып, қалалық әкімшілік соты нысан басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тартып, 200 АЕК көлемінде айыппұл салды.

Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша террористік тұрғыдан осал 727 нысан бар. Олардың ішінде 596-сы адамдар көп шоғырланатын нысан. Оған оқу орындары, ауруханалар, сауда үйлері, ойын-сауық орындары, сапаржайлар жатады.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қонақ үй, айыппұл, қауіпсіздік, ПД