Павлодар мұнай құбыры басқармасы жұртшылықпен байланыс жəне ішкі коммуникациялар жөніндегі жетекші маманы Бейбіт Бөженнің мәлімдеуінше, Атырауда «ҚазТрансОйл» АҚ Н.Шманов және Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансалары алаңында халықаралық «Үздік маман» байқауы өткен.

- Қатысушылардың жұмыстары бірнеше шарт, яғни теориялық дайындық, өндірістік тәжірибе және еңбек қорғау мен қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша бағаланды, - деді Бейбіт Бөжен.

Үш күнге жалғасқан байқау 8 номинация бойынша өрбіген. «Үздік мұнай айдау стансасының операторы» номинациясында Қазақстан намысын Павлодар мұнай құбыры басқармасы «Екібастұз» мұнай айдау стансасының операторы Антон Артюшенко қорғап, жеңіске жетті.

- 33 жастағы үздік маман 2008 жылдан бері Екібастұзда оператор болып қызмет етіп келеді. Павлодардағы химия-механикалық колледжін және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін тәмәмдаған, - деді Бейбіт Бөжен.

Айта кетейік, кәсіби мамандардың сайысына Халықаралық мұнай тасымалы ассоциациясына (ХМТА) мүше компаниялар: қазақстандық «ҚазТрансОйл» АҚ, ресейлік «Транснефть», беларусиялық «Гомельтранснефть Дружба», украиндық «Укртранснафта», словакиялық «Транспетрол», венгрлік MOL және қытайлық CNPC – ірі мұнай тасымалдау компанияларынан 44 маман қатысқан.

Алғашқы рет мұнай құбыры саласындағы жұмысшылардың өзара халықаралық «Үздік маман» байқауы 2003 жылы (Ресейдің) Самара қаласында өтті. 3 рет кәсіби мамандардың сайысы Қазақстанда өтті: 2004 және 2007 жылдары Ақтау қаласында, 2012 жылы Павлодарда.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Екібастұз, мұнай басқармасы, байқау