Қалада тұрған кезде ерлі-зайыптылардың жолға қойылған бизнесі – көкөніс базарында сату орны болған. Олардың айтуынша, мұндай жұмыс олар үшін қызықсыз және тиімсіз болды.

Отбасының басшысы Арман алған білімі бойынша – агроном. Ерлі-зайыптылар үлкен бизнеспен айналысуды, көкөністерді өздері өсіруді шешкен.

- Біз шаруа қожалығымызды басынан бастап құру үшін, жинақталған қаражаттан басқа, бизнесімізді, қаладағы жылжымайтын мүлікті және бірнеше автокөлікті сатудан түскен ақшамызды салдық, - дейді «Арман» шаруа қожалығының басшысы Ботагөз Ілиясова. – Жерді, ауылшаруашылық техникаларын «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жалға алдық. Біздің фермадағы басты өнім – сәбіз. 20 гектарға ерте сәбіз егіліп, кешірек 46 гектарға ектік. Қазір ерте егілген сәбізді жинау жүргізілуде. Негізінен голландиялық «Абака», «Каскад» сәбіз сорттарын отырғызамыз. Жоспарымызда қырыққабат, пияз егуді кеңейту бар. Өнім Қазақстан бойынша сатылуда. Ресейліктер енді сатып ала бастады.

Биылғы маусымда «Арман» шаруа қожалығында 72 гектар жерге көкөніс егілген. Үш гектарға картоп және сол мөлшерде қызылша отырғызылды. Қалған 66 гектарға сәбіз егілді. Бүгінгі таңда «Арман» ШҚ алқабынан сәбіздің келісін 65 теңгемен алуға болады.

- Биыл үш гектар жерге ерте картоп егілді, олардың келісі 75 теңгеден сатылып кетті, - дейді агроном Арман Ақтаев. – Картоптың орташа өнімділігі әр гектардан 25-28 тоннаны құрайды. Сәбіздің өнімділігі гектарына – 35-40 тонна. Біз биылғы өнімге ризамыз. Жаппай егін жинау кезінде бұдан да көп болады. Қызылшаның келісі 35 теңгеден сатылды.

Сондай-ақ шаруашылық басшысы жаппай егін жинау кезінде жұмысшылардың жетіспейтіндігін айтады. Қожалықтарында әр жұмысшыға күніне үш мың теңге төленеді. Оған қоса, жұмыс беруші жол жүру ақысын төлейді. Егін жинау кезеңінде қожалықта 30 адам жұмыс істейді. Олардың 10-ы тұрақты негізде еңбектенеді.

- Мен күн сайын жұмысқа Ақсу қаласынан келемін, - дейді алқап бригадирі Гүлнұр Қапарова. – Күн сайын үш мың теңгеден аламыз. Сондай-ақ Ақсудан бері келіп-кетуіміз тегін. Біздің бригада күніне 200-ден 220 қапқа дейін сәбіз жинайды.

Бүгінде «Арман» ШҚ-ның иелігінде 130 га жер бар. Оның 72 гектары игеріліп, қалғанына тыңайтқыштар себілген. Келесі жылы алқап иелері Valley техникасын сатып алғаннан кейін ол жерлерді айналымға енгізуді жоспарлап отыр.

- Біз жыл сайын техникаларымызды жаңартуға тырысамыз, - дейді Ботагөз Ілиясова. – Биыл біз «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке сәбіз жинайтын комбайн сатып алдық. Оған қоса, төрт тракторымыз, жауын кезіндегі қондырғымыз бар. Келесі жылы біз құны 50 миллион теңге тұратын заманауи Valley суарғыш машинасын сатып алғымыз келеді. Әрине, мемлекеттік қолдаумен. Valley-ді мемлекеттік бағдарламалар арқылы сатып алуға тырысамыз. Мемлекет шаруаларға қолдау көрсетуде.

Мәселен, биыл «Арман» ШҚ арзан дизель отыны мен минералды тыңайтқыштарға субсидия алды.

Жоспарда көкөніс сақтайтын сыйымдылығы 3 мың тонналық қойма салу бар. Оған арналған жер рәсімделген. Әзірге қысқы уақытта өнімді сақтайтын қоймаларды жалдауда.

Ақтаевтардың айтуынша, олар Чернояркада тұрып, жұмыс істеуге шешім қабылдағандарына ешқашан өкінген емес. Тіпті ата-аналарын осында көшірген. Ал, 15 жастағы қыздары Даяна жергілікті мектепте оқиды.

Айта кетейік, «Арман» ШҚ жыл сайын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясына қатысады және жергілікті мектепке демеушілік көмек көрсетеді.

Жұмыстың қызған кезі әрине, көктем, жаз және күзде болады. Бірақ қыста да чернояркалық қожалықта іш пыспайды. Бұл мезгілде техниканы жөндеумен және тұқым дайындаумен айналысады.

Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы м.а. Хамза Оразбековтың айтуынша, бүгінде Павлодар ауданында 210 гектар жерге картоп және 180 гектарға басқа көкөніс түрлері отырғызылған. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің осы маусымдағы жаңалығы – қант қызылшасы болды. Ауданда бұл өнімді төрт гектар алқапқа «Маяк», «Заря» және «Дәнекер» шаруа қожалықтары отырғызды.

Дулат Райымбек
Фото: Индира Лятина

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Черноярка, егін, кәсіпкерлік, сәбіз, өнім, ауыл шаруашылығы