Аталмыш білім беру мекемесінің директоры Алмагүл Ысқақова министрді білім ордасымен таныстырып шықты.

- 1975 жылы іргетасы қаланған мектепте бүгінгі таңда 151 оқушыға 38 ұстаз білім береді, - дейді Алмагүл Ысқақова. - Бұрын ұстаздар интернетке шығу үшін қалаға баратын. Бұған дейін жылдамдық секундына 4 мегабит қана болатын. Ақпараттандыру бағдарламасы бойынша талшықтық-оптикалық байланыс желісін орнатудың нәтижесінде 25 кабинетте интернет жылдамдығын арттыруға қол жеткіздік. Енді бүгінде кез келген ақпаратты осы жерден ала алады.

«Қазақтелеком» АҚ Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының директоры Ермек Қуанышбеков Успен ауданының Констатиновка ауылында антенно-мачты құрылыс станциясын орнатудың нәтижесінде елді мекендерден 20-30 шақырым қашықтықта 4G ұсынылатынын жеткізді.

Бұл ретте облыс әкімі Болат Бақауов интернетке қосылуға мүмкіндік беретін антенно-мачты құрылыс үшін  керек қаражат сомасын есептеуді тапсырды.

Асқар Жұмағалиев Ертіс өңірінде оқушылардың арасында білім беру деңгейіне жоғары баға берді.

- Жалпы орта білім беру мектептерінің арасында бүгінде Павлодар облысы 1 орынды алады, - деді ол. - Балалар мен оқушылардың арасында жаңа технологиялар қарқынды дамуда. Кейбірі қызықты болғаны соншалықты, Нұр-Сұлтан қаласына шақырдық. Ал, кейбір әріптестерімізге өз жобаларын шетелге таныстыру мүмкіндігі ұсынылды. Мысалы, Дубайдағы бір компанияны таңдап алдық. Сондай-ақ, Ұлыбританияға өз жобасымен баратындар да бар. Мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер жас компаниялар үшін стартап-жобаларын дамытуға зор мүмкіндік береді.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жүзеге асырылатын жоба медициналық мекемелер мен әкімдіктерді, мектептерді, сондай-ақ, жеке тұлғаларды интернетпен қамтуға жол ашады. Бұл қызметтер талшықтық-оптикалық байланыс желісі бар қалалық орындарда көрсетіледі.

- Елбасының тапсырмасы бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында елімізде қалалық жерлерден шалғайда орналасқан және негізгі телекоммуникация желілерінен алыс 1270 елді мекенге талшықтық-оптикалық байланыс желісі тартылуда. Павлодар облысында 500 шақырым өткізіліп, бірқатар елді мекен қосылады. Осымен жұмыс тоқтатылмайды. Жақын жатқан елді мекендерді 4G - ІТ технологиялар есебінен қамтитын боламыз. 2021 жылдың соңына қарай бұл жұмысты 1270 елді мекенде аяқтап, кейін 4G жобасы жүргізіледі. Әрі қарай сптуникті байланыс адам саны аз елді мекендерді қамтиды. Осылайша жұмысты толығымен 2025 жылы аяқтаймыз.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам