21-22 тамызда өтетін форум жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерді шешуде бизнес, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдардың күш-жігерін белсенді етуге бағытталған. Бұл ел деңгейінде, сондай-ақ, өңірлік контекстті толығымен зерделеу мақсатында үш жақты ынтымақтастық қарқынын көрсетуге мүмкіндік береді.

Форум 4 бағытта: SOCIAL – ASAR «Бизнестің әлеуметтік саланы дамытуға қатысуының тиімді модельдері», ЕCO – ASAR «Жасыл» серіктестің форматындағы әлем», IT – ASAR «Әлеуметтік саланың инновациялық дамуындағы IT жобалардың рөлі» және INCLUSIVE – ASAR «Инклюзивтік қоғам уақыты» өткізілуде.

Форум жұмысына бизнес-құрылым, отандық және халықаралық ҮЕҰ, сарапшылар қауымдастығының, орталық және мемлекеттік органдар өкілдері қатысуда.

Алғашқы болып С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры м.а. Мейрам Бегентаев сөз сөйлеп, форумға қатысу үшін Ертіс өңіріне келгендерге алғысын білдірді.

- Құрметті қонақтар біздің университетіміздің қабырғасына қош келдіңіздер! Бұл форумды алғаш рет еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын адамдар ұйымдастырған болатын, деді Мейрам Бегентаев. - Министрлікке үшінші форумды біздің университетімізде ұйымдастыруға қолдау білдіргені үшін ризамын. Өңірімізде азаматтық алянс қолдауға ие. Осыдан 1,5 жыл бұрын азаматтық алянсты қолдау үшін облыс басшысының бастамасымен жеке ғимарат берілген болатын. Қазір ҮЕҰ үйі деп аталады. Бүгінгі форумда үш жақ бір ортада кеңес құрып, елімізді дамытуға арналған жаңа бастамаларды қозғайды деген ойдамын.

Екі күндік форум шеңберінде «Әлеуметтік инновациялар: өңірлік даму жетістігінің формуласы» тақырыбында пленарлық отырыс өткізіледі. Оның аясында үш жақты әріптестікті және оның тетіктерін дамыту, әлеуметтік инвестициялар бағыттарының парадигмасындағы бизнестің қызметі, «кіші» отанды дамытуға әлеуметтік инвестициялар және т.б. мәселелерді талқылау жоспарлануда.

Оған қоса, мастер-класстар, case-study семинарларын, workshop-тар (практикумдер), «#7 Спикер» интеллектуалы конференциясын ұйымдастыру және меморандумға қол қою жоспарланған.

Сонымен қатар, алғаш рет «ASAR activity» жобасын ұйымдастыру жоспарлануда, оның шеңберінде форум қатысушылары «Бірге – таза Қазақстан» республикалық акциясына қосылатын болады.

Айта кетейік, алғашқы «ASAR» форумы 2017 жылы Атырауда, екінші форум 2018 жылы Талдықорғанда өткізілген, биылғы форум Павлодар қаласында өтуде.

Оразбек Саяхат
Фото: ПМУ баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: ҮЕҰ, Бизнес, Экономика, ASAR IIІ, Форум