Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында ПМХЗ өндіріс активтерінің механикалық тұтастығы мен сенімділікті қамтамасыз ету департаментінің директоры Саятай Әліпбаев мәлім етті. 

- Бұрын зауыт жыл сайын техникалық куәләндыруға байланысты күрделі жөндеу жұмыстарына тоқтайтын, - дейді Саятай Әліпбаев. - Биыл жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде үш жылда бір рет қана тоқтатуға қол жеткіздік. Осы жылы мамырдың аяғында және маусым айында 20 күнге тоқтаған болатын. Қазіргі таңда штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Департамент директорының айтуынша, биыл күзде 30 қыркүйек-23 қазан аралығында жоспарлы түрде екі құрылғы (каткрекинг) орнатылуына байланысты 10-15 күнге тоқтайды. Десе де, тиелетін мұнай өнімдерімен (дизель отыны, бензин)  ел нарығы жоспарланған көлемде қамтамасыз етіледі және тапшылық болмайды.

Келесі күрделі жөндеу жұмыстары 2021 жылы ғана жүргізіледі. Жанармай ел нарығына еш өзгеріссіз жеткізіліп отырады. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде кәсіпорынға мердігерлік ұйым кіріп, 1500-2000 адам жөндеу жүргізеді. Оның ішінде аппаратты ашу, катализаторлар регенерациясы, учаскелерді ауыстыру және гидромеханикалық тазалау жұмыстары бар.

- Бізге акционерлер мұнайды жеткізеді, ал біз тек қана өңдейміз, - дейді Саятай Әліпбаев. - Мұнай өнімдерін өздері саудалайды. Бұл толлингті сызба деп аталады. Шикізат мен өнім оларға, технологиялық процесс бізге тиесілі.

Айта кетейік, 1978 жылы пайдалануға берілген ПМХЗ Батыс Сібір кен орындарының мұнай шикізатын өңдеуге бағытталған. Кәсіпорынның теңгерімдік қуаты жылына 6 млн тонна мұнай өңдеуге жетеді. Кәсіпорында мұнай өнімдерінің кең желісі шығарылады. Оның ішінде түрлі маркалы автомобиль бензиндері, дизель отыны, мұнай отыны (мазут), көмірсутекті сұйытылған газдар, вакуумдық газойль, техникалық күкірт, бірнеше сортты битумдар (құрылыс, жол, шатыр), мұнай коксы бар.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, экономика, кәсіпорын, ПМХЗ