«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов «Zhilstroy River Party» шарасының мақсаты тұрғындарды банк қызметімен жақынырақ таныстыру екенін атап өтті.

- Банкіміздің қызметтері мен бағдарламалары халық арасында сұранысқа ие болса да, біз жайлы білмейтіндер әлі де бар, - деді Нұрлан Ақшанов. – Сондықтан қонақтарымызбен теплоходта қызықты уақыт өткізбекпіз. Шара барысында банк жайлы айтатын боламыз. Мақсатымыз – адамдарды несиеге батыру емес, қаржыны жинау жолын көрсету. Артық шығындардан бас тартып, баспанаға қаржы жинауды үйрету. Кейін жетпеген сомаға банкімізден республикадағы ең төмен 2-ден 8,5 пайызға дейін несие алып баспаналы болуды ұсынамыз.

Ертіс өзеніндегі серуен аясында банк қызметкерлері тұрғындарға банк өнімдері мен бағдарламалары туралы әңгімелеп, концерт пен түрлі байқаулар ұымдастырып, сыйлықтар таратты. Сондай-ақ, қонақтарға дастархан жайылды.

«Zhilstroy River Party» турына Мәди мен Салтанат Шариповтардың отбасы да келген. 2 балалы отбасы облыс орталығында тұрып келе жатқандарына 10 жылдан асқан.

- Жұбайым екеуіміз де Қазақстан электролиз зауытында жұмыс жасаймыз, - дейді Салтанат Шарипова. – Қазіргі кезде мен бала күтіміне байланысты демалыстамын. Қалада 10 жылдан астам тұрсақ та, осы уақытқа дейін қаражат жинаудың реті келмеді. Пәтер жалдап тұрамыз. Бағдарламаларға қатысайық десек, ешқандай талабына сай келмейміз. Қазір жасымыз 40-тан асты. Енді осы банктен есеп ашып, қалаған жерден 2-3 бөлмелі пәтер алсақ деген ойдамыз. Бүгін банктегі бізге сай келетін бағдарламалармен таныспақпыз.

Айта кетейік, өңірде 2019 жылдың басынан бері «ТҚЖБ» АҚ арқылы 3173 адам депозит ашып, болашақ баспаналары үшін қаражат жинай бастаған. Ал, 1785 облыс тұрғыны қолжетімді несие алып, қоныс тойын тойлады.

Оразбек Саяхат
Фото: Индира Лятина

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ТҮҚЖБ, депозит, баспана