Ал биылдан бастап оқу орталығын ашып, жұмыссыз тұрғындарға аталмыш кәсіптің қыр-сырын үйретуде.

Кәсіпкерлік басшысы Самал Жәнібекованың айтуынша, сәуір-шілде аралығында өткен алғашқы курс барысында 34 адам оқудан өтті. 

- Біздің оқу орталығы тұрғындарға жиһазды құрастыру, тігуді үйретеді. Оқудан өту үшін жұмыссыздар Павлодар қалалық жұмыспен қамту орталығына хабарласу керек. Кейін мемлекеттік тапсырыс аясында тегін оқиды. Оған қоса, шәкіртақы беріледі. Өткен оқу маусымында шәкіртақының көлемі 15 мың теңге болса, жаңа курстан өтушілерге 21 мың теңге төленеді. Оқуды тәмамдағандардың 50 пайыздан астамы жұмысқа орналасты. Олардың екеуі біздің цехта жұмысын жалғастырды. Өзгелерімен келіссөздер жүргізілуде, - дейді Самал Жәнібекова.

Аталмыш кәсіпкерліктің «CREATIVO» жиһаз студиясы тек жекелеген тапсырыстар бойынша жұмыс істейді. Бір айда тапсырыс берушінің дизайны негізінде 10-20 жиһаз дайындалады. Сонымен қатар, 5-10 ескі жиһазды жаңартады. Студияның өнімдері Нұр-Сұлтан, Өскемен, Жезқазған, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының тұрғындары тарапынан зор сұранысқа ие.

Кәсіп аясын кеңейтіп, тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау үшін Самал Жәнібекова «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, жиһаз цехы, оқу орталығы мен кеңсені біріктіретін жеке ғимарат сатып алмақ.

- Қазіргі күні қала сыртындағы өндірістік цехты жалға алып отырмыз. Ал кеңсеміз орталық көшелердің бірінде орналасқан. Жұмысты жүйелі етіп, шығынды азайту үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысуды жөн деп шештік. Екінші деңгейлі банк арқылы 16 млн. теңгені 7 жылға 6 пайыздық мөлшерлемемен аламыз, - дейді кәсіпкер.

Алдағы уақытта Самал Дүйсенбайқызы сертификация орталығын ашып, жиһаз жасау бойынша оқудан өткен азаматтар мен кәсіпорындарға сапа туралы сертификат беруді жоспарлап отыр.

Құндыз Қабылденова

Фото: Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам