Тамыз кеңесіне қатысқан Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов сапалы білім беру үшін шаһарда барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

-    Қалалық әкімдік білім беру жүйесіне тұрақты қолдау білдіруде, - деді Қайрат Нүкенов. – Жыл сайын бұл саланың қаржыландыруы артуда. Біз оқыту мен тәрбие берудің барлық деңгейінде сапалы білім алуға қажетті сұранысты толық қамтамасыз етіп отырмыз. Биыл Сарыарқа шағын ауданы мен Затон базары маңында мектеп салу туралы шешім қабылданды. Шаһарымызда 3-6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз етілген. Бізге бұл деңгейді ұстап тұрумен қатар, 2 жастағы балаларды барынша қамту міндеті жүктеліп отыр.



Қайрат Нүкенов қала әкімі ретінде өзін балалардың облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен байқаулардағы жеңістері қуантатынын айтты.

-    Алайда, білім сапасы қай кезде де өзекті болып қала береді. Павлодарлық мектеп түлектерінің грантқа ие болуға мүмкіндік беретін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуы 69-дан 74 пайызға артақанын атап өткен жөн. Жоғары оқу орыны грантына ие болған түлектер үлесі 56 пайызды құрады. Бұл да маңызды көрсеткіш. Сондықтан әр педагогикалық ұжымның алдына 11 жыл білім алған оқушының грант иегері болу тапсырмасын жүктеймін. Бұл сол меткеп ұжымының жұмыс сапасының бағасы болады.



Сонымен қатар, шаһар басшысы жазғы мезгілде судағы қайғылы оқиғалардың көбеюін тілге тиек етіп, қалада балаларды жүзуге үйрету үшін барлық жағдай жасалғанына тоқталды. Соған сәйкес, білім беру бөліміне спорт бөлімімен бірге спорттық нысандарда тегін жүзу үйірмелерін ашу мәселесін қарастыруды тапсырды.

-    Патриотизм өзінің мектебіне, туған қаласына, туған еліне, туған өңірінің табиғаты мен тарихи мұрасына деген махаббатынан басталады. Әр оқушы мектептен түлеп ұшар кезінде өзіне «Мен өз елімде бәрі жақсы болу үшін және Отаным бай болу үшін не істей аламын?» деген сұрақ қоюы маңызды. Педагогтар білім берудің әр сатысында, барлық білім беру ұйымдарында, әр сабақта бұл қасиеттерді қозғауы қажет, - деп қорытындылады қала басшысы.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қала, тамыз кеңесі, білім