Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық ТЖД зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының басшысы Сергей Сытник мәлім етті.

- Өрт қаупі басым маусым басталғалы бері өңірімізде 158 өрт оқиғасы тіркеліп, өрттің жалпы аумағы 1727 гектарды құрады, - деді Сергей Сытник. – Нәтижесінде 118,3 миллион теңге материалдық шығын келді. Ең көбі «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында – 107, Баянауыл ұлттық табиғи саябағында – 18 өрт оқиғасы орын алды.

Спикердің айтуынша, 2019 жылы дала өрті өткен жылғымен салыстырғанда 3 есеге артып 272-ге жеткен.

- 272 дала өрті 10 мың гектардан астам аумаққа жайылған, - деді Сергей Сытник. – Бұл өртті сөндіруге жергілікті атқарушы органдармен жұмылдырылған 203 ерікті өрт сөндіру күші және 31 өрт сөндіру бекеті атсалысты. Жылдың соңына дейін тағы 6 бекетті іске қосу жоспарланған. Қуантарлық жайт, бізде егіс алқаптарында өрт оқиғасы тіркелген жоқ. Алайда, 26 тамыз күні Железин ауданындағы егістікте комбайн тұтанды. Қозғалтқыш бөлігінде қысқа тұйықталу әсерінен өрт шыға жаздап, уақытылы шара қолданылды.

Сергей Сытник биыл табиғат өртінің көп болуы ауа-райына байланысты екенін айтты.

- Көп оқиға өрт қаупі басым маусымның басында орын алды, - деді басқарма басшысы. – Ол кезде жел көп тұрды. Ал, жел соғып тұрса, өртті бақылау қиынға соғады. Алқаптарда шаруашылықтардың жоспарлы өртеуі көбірек себеп болды. Сондай жоспарлы өртеудің бірінде өрт орманға көшкен оқиға да тіркелді. Қорытынды отырыста облыс әкімі жопсарлы өртеуге тыйым салды. Жалпы, жазғы мезгілде жаңбыр аз болды. Дала құрғақ. Өрт мәселесіне келгенде ауа-райының қолайсыз болуынан, табиғат өрті бойынша өткен жылғыға қарағанда оқиғалар саны 4 есеге, өрт шалған аумақ көлемі 5 есеге өсті.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, өрт, ТЖД