Бүгінде бұл спорт түрімен өңірімзде 500-ден астам спорты айналысады. Самбо бойынша спорт шебері Серік Арынов федерация президенті атанды. Серік Арынов NOMAD MMA – қазақстандық бренд екенін атап өтті.

- ММА жекпе-жегі көптеген елде бар, - деді Серік Арынов. – Ал, NOMAD біздің елде пайда болған. Басқа түрлерден айырмашылығы – спортшылар кілемде, боксерлардың қолғабымен, бас киіммен сынға түседі. Сондықтан зақым алу қаупі аз. Өзгелер тор ішінде, жұқа қолғаппен, белден төмен және тіземен соққы жасай береді. Қазақстандық түрде күрестегідей лақтыру мен жасаға соққылар есепке алынып, ұпай беріледі. Оған қоса, бізде балалар да айналыса береді. Басқа елдерде тек ересектер шұғылданады.

NOMAD стилі танымалдылыққа ие бола бастағаннан кейін 2010 жылы штаб пәтері Қазақстанда орналасқан Бүкіләлемдік NOMAD MMA федерациясы құрылды. Ал, 2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ресми түрде республикалық федерацияны тіркеді.

Облысымыздың Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында спортшыларды дайындайтын қос клубтан бар.

- Өңіріміздің спортшылары жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүр, - деді Серік Арынов. – 2017 жылы балалар арасындағы әлем чемпионатында 1 спортшы чемпиондыққа жетіп, 2-і жүлдегер қатарынан табылды. Қазақстан чемпионатынан тұрақты жүлде алып жүр. Биыл 5 спортшымыз «Спорт шебері» атағын алды. Ол атақты биыл бере бастады. Алдымызда қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр. Федерацияның ашылғаны бұл спорттың дамуына септігін тигізеді деген ойдамын. Жарыстарға көбірек қатысатын боламыз. Қатысу үшін қаржылай қолдау болады. Бұрын өз есебімізден бары жүрдік. Бәрі қатысуға мүмкінді болмайтын.

Аталған спорт түрінен жоғары жетістікке жетіп жүрген Павлодар облыстық полиция департаментінің жол-патрульдік батальонында қызмет ететін Олжас Тілеубергенов екі рет Қазақстан чемпионы және 2016 жылы Азия чемпионы атанған.

- 6 жасымда еркін күреспен айналыса бастадым, - деді Олжас Тілеубергенов. – 18 жасымда әскерге қабылданып, ол жерде әскери қоян-қолтық ұрыспен шұғылдандым. Әскерден кейін жауынгерлік самбоға ауыстым. Спортта жүргеніме 15 жыл болды. 4 жыл бұрын NOMAD-ты бастадым. Бүгінде ММА-ның кәсіби түріне ауысып, 3 кездесіумде де жеңіске жеттім. Келесі жылы әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, кәсіби деңгейде келісімшартқа отырсам деймін. Бұл спортпен айналысу үшін психологиялық жағынан мықты болу керек. Өйткені рухы әлсіз болса, жеңіске жету қиын. Күш, айла болуы да маңызды. Жекпе-жекте аяқ пен қолдан бұрын ми маңызды рөл атқарады. Миың дұрыс жұмыс жасамаса қиынға соғады. Жас споршыларға мол еңбектенуге, тұрақты болуға кеңес беремін.

Сонымен қатар, федерацияның ашылуы барысында облысымызда аталған спорт түрін дамытуға үлес қосып жүрген спортшылар мен жаттықтырушыларға алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, NOMAD MMA – аралас жекпе-жек түрі Қазақстанда 2005 жылы ашылған болатын. Негізін қалаушы – еркін күрестен КСРО спорт шебері, жауынгерлік өнердің шебері, қарағандылық Сергей Ан. Nomad сөзі ежелгі түркі тілінен аударғанда «көшпенді» деген мағынаны білдіреді. Nomad MMA бренді әлемнің 30-дан астам елінде танымалдылыққа ие бола бастады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, NOMAD, ММА, жекпе-жек, спорт