Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды. 

Шара Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен Орталық Азия сарапшыларының 2-ші форумы шеңберінде ұйымдастырылды. Оны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ), БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы ұйымдастырды.

Шараға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Биыл Бурабай демалуға ТМД елдерінен келетін туристер саны бойынша Қазақстандағы курорттардың ішінде көш бастап тұр. Бурабайда туризмді дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Курортты аймақта қолжетімді орташа класты жаңа отельдер салынуда. Сонымен қатар, «Ақ бура» атты жаңа курорттың құрылысы жүріп жатыр. Бурабаймен бірге, Зеренді курорты да қатар даму үстінде. Сандықтау ауданының да туристік әлеуеті жоғары.

Орталық Азия елдері жалпы туристік брендті дамытуда бірлесіп жұмыс істегені дұрыс. Бурабайға келетін туристердің көпшілігі ресейліктер. Олардың Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінде де болатыны сөзсіз. Сондықтан, біздерді Еуропадағы Шенген типі бойынша Орталық Азия визасының пайда болғаны қызықтырады. Әсіресе, Орталық Азия елдері басшылары мен сарапшыларының бүкіл дүниежүзінде Орталық Азияны бірыңғай өңір ретінде дамытуы қуантады, – деп атап өтті М. Иғалиев.

Дүниежүзілік қауымдастық атынан БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының арнайы өкілі Н.Герман болса, шараның экотуризмді дамытудағы маңыздылығына тоқталды.

«Бурабайға алғаш рет келіп отырмын. Мұнда байқағаным Қазақстан тарихындағы киелі орындар мен қазіргі замаңғы технология және идеялар үйлесім табады. Инвестиция тарту және туризмді дамыту бағыты дұрыс жолға қойылған. БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы әріптестікті кеңейтуге мүдделі», деді Н.Герман.

Сонымен қатар, шара барысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) халықаралық зерттеу бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова, қазақстандық трэвэл-блогер Нұржан Алғашов, Қырғызстан Республикасының Стратегиялық зерттеу ұлттық институты директорының орынбасары Айдай Темикеева, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты (САЗИ) орталығының басшысы Бахтиер Мұстафаев та өз ойын ортаға салды.

Шара қорытындысы бойынша Орталық Азия елдерінің талдау орталықтарының басшылары мен БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының арнайы өкілдері Орталық Азия сарапшыларының 2-ші форумы отырысы хаттамасына қол қойды. Осы құжат шеңберінде оған қатысушы елдер одан әрі әріптестікті дамытып, су-экологиялық, су-энергетикалық және экотуризм саласында бірлесіп жұмыс істейтін болады.

pavlodarnews.kz

Тэги: