- 2017-2018 жылдары пәтерлерді бөлгеннен кейін жалға берілген 57 баспана қалды, - деді қаржы бөлімінің басшысы Ақерке Еламанова. – Бұл пәтерлер Малайсары батыр көшесі, 56, 55 және Н. Назарбаев даңғылы, 233 мекенжайында орналасқан. Бізде «Бәйтерек девелопмент» АҚ-мен келісімшарт бар. Осы қалған тұрғын үйлерді кезек бойынша жалға беруге байқау жаряладық. Өтініштер Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша № 13 терезеде қабылданады. Түскі үзіліс 13.00-14.30-ға дейін.

Бөлім басшысының айтуынша, байқауға апаттық үйлердің тізіміндегілер мен зейнеткерлерден басқа жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған келесі санаттағы адамдар қатыса алады. Олар: көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 1, 2 топтағы мүгедектер. Бірінші кезекте жетім балалар мен көп балалы отбасыларға берілетін болады.

- Байқауға қатысқан әр адам ай сайын жалдау ақысын төлейді, - деді Ақерке Еламанова. - Бір бөлмелі пәтерге - 40-45 мың теңгеден, екі бөлмелі пәтерге - 60-70 мың теңге және үш бөлмелі пәтерге 85-92 теңгеден шығады. Яғни, әр ай сайын жалдау ақысы төленеді, содан кейін пәтер сатып алуға болады. Қайта сатып алмас бұрын, бес жыл жалдау ақысын төлеу керек.

Өтінімді бірден құжат қабылдайтын жерде толтырады. Өтініш берген кезде өтініш берушілер жеке куәліктің түпнұсқалары мен көшірмелерін, неке қию туралы куәліктерін, жұбайының қайтыс болуы, балаларының туу туралы куәліктерін ұсынуы керек. Open Pavlodar ғимаратында өтініш берушіден және отбасы мүшелерінен нотариалды куәландырылған өтініш, мекенжайы туралы анықтама, жылжымайтын мүлік туралы анықтама алуға болады.
Өтінім берушінің жеке немесе қарызға алынған ақшаға тұрғын үй сатып алуға дайын екендігін растайтын құжаты, сондай-ақ жоғарыда аталған санатқа жататындығын растайтын құжаты болуы шарт.

Еске сала кетейік, 2017 жылы аталмыш бағдарлама бойынша 360 пәтер сатып алу мүмкіндігімен жалға ұсынылған.

Айгүл Жүсіпова

Фото: Ольга Бугаева 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, коғам, тұрғын үй