- Әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған бастама аясында ауыл ішіндегі жолдар жөндеуден өтіп, көшелер жарықтандырылуда, - дейді Тереңкөл ауылдық округінің әкімі Азамат Маңғұтов. -  Елгин, Тәліпов, Аймауытов, Байтұрсынов, Панфилов, Тезекбаев, Победа көшелеріне  асфальт пен қиыршықтас төселді. Оның ішінде Кеңес дәуірінде мүлдем асфальт болмаған көшелер де бар. «ГорДорСтрой» ЖШС жұмысты тамыз айында толығымен аяқтады.

Бұдан басқа, аталған республикалық жоба аясында «Сити Трейд-ПВ» ЖШС мердігерлік ұйымы 31 млн теңге қаржыға Сұрағанов, Федоровский, Базарный, Тәуелсіздік көшелеріне 111 жарықшам құрған. Жолдардың жиектерінде стандарт бойынша әр 30 метр сайын жаңадан биікті 10 метр, мырыштан қапталған бағандар мен жарықдиодты шамдар орнатылған.

- Бұрын тек үйлердің қасында ғана бірең-сараң шамдар болатын, - дейді Азамат Маңғұтов. - Сондай-ақ, тротуарға аудандық бюджеттен 73 млн теңге бөлінді. Тәуелсіздік, Елгин, Панфилов көшелерінде төрт шақырым жерде «Бонус-Строй» ЖШС жөндеу жүргізді. Тереңкөл ауданының орталығында 8300-ден астам адам тұрады.

Бұл учаскелерде мектеп, балабақша, жағажай, мәдениет үйі орналасқан. Еңбек ардагері Қоныспай Тағамбаев жаңа тротуар балалар мен қарттарға өте ыңғайлы екенін айтады.

- Ауыл көшелеріне жарық орнатылып, асфальт төселуде. Әсіресе, білім ошағы, балабақша сынды әлеуметтік нысандар орналасқан көшенің жолдарына ерекше мән берілуде. Мұндай ауқымды жұмыстар жергілікті жұртшылықтың жағдайын жақсарта түспек. Осы орайда, басшылыққа алғысымды білдіремін, - дейді зейнеткер.


Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам